Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов реновациялау бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлердің инфрақұрылым жүйелерін жүргізу бойынша арнайы жиын өткізді. Басқосуда бағдарламаны іске асыру тетіктері мен құрылыс барысы талқыланды. Қазір қала аумағында тұрғын үй қорын реновациялау бағдарламасы аясында тозығы жеткен 6 үйді бұзып, заманауи талапқа сай жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарланып отыр.
Құрылыс жұмыстары жергілікті халықтың келісімі негізінде жүргізіледі. Жаңа бағдарлама қала көркін қашыратын ескірген ғимараттарды жойып, мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай зәулім үйлер қатарын арттыру үшін қолға алынып отыр. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға бағдарламаны тиімді іске асыруды, инженерлік жүйелер құрылысын талаптарға сай жүргізуді тапсырды.
Реновация дегеніміз – тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу бағдарламасы. Шымкент қаласында 2 236 көп пәтерлі тұрғын үй болса, соның 70%-ынан астамы Кеңес заманынан бері келе жатқан тұрғын үйлер. Соған байланысты былтыр Samruk-Kazyna Construction АҚ және Shymkent ӘКК мен қалалық тұрғын үй басқармасы арасында осы бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде меморандум түзілген еді.
«Бұл жерде тұрғындарға қолайлы жағдай жасалады. Үй сүріліп, салынып жатқан кезде инвестор тұрғындарды басқа жайға орналастырылады, және сол кездегі шығын да инвестор тарапынан өтеледі. Тағы бір айта кететін жайт – үй салынып болған соң, жаңа үйден пәтер алуына болады. Шаршы метрі бұрынғы үйінің шаршы метрінен кем болмайды. «Басқа жақтан пәтер аламын» десе ақшасын береді»,- дейді сала жауаптылары.
Айта кетсек, Шымкент қаласы бойынша 48 мыңнан астам азамат үй кезегінде тұр. Тұрғын үй тізімі қаламыз бойынша 5 түрлі тізім бойынша жасақталады. Көпбалалы отбасы, ата-анасының қарауынсыз қалған балалар, мемлекеттік қызметкерлер, халықтың әлеуметтік әлсіз тобы және жалғыз үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтардың кезегі бөлек тізімдермен жүргізіліп жатыр.