Еліміздегі отбасы институтын нығайту қажеттігі бар екені айтпаса да түсінікті. Себебі ажырасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «берекелі әрі бақытты отбасы – қуатты елдің тірегі» екенін айтады. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп өркендеуі үшін барлық жағдайды жасамақ.
Президенттің бастамасын Шымкент қаласындағы Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығының ұжымы қолдайды. Шымкентте аталған орталықтың «Жас ақындар» үйірмесінің жетекшісі Мара Мұхтарқызының ұйымдастыруымен «Әке асқар тау» тақырыбындағы республикалық онлайн эссе байқауы өткізілді. Сайысқа еліміздің әр аймағынан мектеп оқушылары қатысып, өз шығармашылық жұмысында әкесіне деген махаббатын, әкенің отбасындағы рөлін айқындай түсті.
«Бұл шараны өткізу еріккеннің ермегі емес. Өкінішке қарай соңғы жылдары отбасындағы әкелер рөлі төмендеп кетті, бала тәрбиесі тек әйелдің ғана шаруасы сияқты көрінеді, әкелер бұл істен сырт қалып жатады. Ал бұл жастардың әке болуға дайындығын нашарлатады, ата-аналық борышын, әкелік бақытын сезінбеуге әкеледі. Қазір аналар отбасындағы барлық істі өз мойнына алады. Оның ішінде бала тәрбиесіне, оны киіндіруге, білім беруге өзін жауапты санайды. Бірақ қандай алтын ана болса да ол әкенің орнын толтыра алмайды. Бұл республикалық байқауда қалам тербеген оқушылардың жұмысы арнайы жинақ кітапша болып жарыққа шықты. Айта кетсек, аталған байқау отбасы берекесі мен әкенің рөлін нығайта түседі деп сенемін»,- деді шара ұйымдастырушысы Мара Мұхтарқызы.
Қатысушылар «Әке асқар тау» сөзін негізге ала отырып, әкеге хат , әке туралы өлең және эссе жазған. Сондай-ақ, сайыс қорытындысы күні қатысушылар арасында Түркі әлемі жазушылар одағының өлеңдерінен көркемсөз оқу халықаралық байқауы да өткізілді.
Байқауда Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, ұлағатты ұстаз, Түркі әлемінің жазушылар одағының президенті, ақын Баян Тленшина, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Америка мойындаған ақын Сабырбек Нұрманұлы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Түркі әлемінің жазушылар одағының мүшесі, ақын Нышаәлі Ниязбек, жазушылар одағының мүшесі, Түркі әлемінің жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Эркеной Султонойева, Түркі әлемінің жазушылар одағының мүшесі, ақын Бегелы Бектөре төрешілік етті. Қазылар алқасының шешімімен жеңіске жеткен оқушылардың барлығы арнайы 1,2 және үшінші дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар, көркемсөз байқауына қатысқандар арасында да жеңіске жеткен оқушылар мен қатысушыларға алғыс хат табысталды. Ал балалардың шығармашылық жұмысы арнайы кітап жинақ болып жарыққа шықты. Айта өтсек, оқушыны байқауға дайындаған жетекшілері де марапатсыз қалмады. Байқау соңы №3 музыкалық «Саз мектебі» шәкірттерінің дайындаған мерекелік концертіне ұласты.