Шымкенттік имамдар ұйытқы болған игі іс жалғасын табуда. Ораза айының әр күнінде 500 отбасыға азық-түлік себеті таратылып жатыр. Бұл жолы Қазақстандағы Кувейт қоры сауапты іске атсалысты.
Бас имамның айтуынша, қаламыздағы 45 мешітІНДЕ «Рамазан шатыры» жайылып, онда күнделікті ауызашар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, қасиетті айдың құрметінде қаладағы 5 ауданның орталық мешітінде қала әкімдігімен бірлесе ауызашар себетін үлестіру жоспарланған. Игі жобаға жеке кәсіпкерлер мен еліміздегі қайырымдылық қорлары да үлестерін қосып жүр.
Альван Ясер Мұхамед Әли, Халықаралық ислам қайырымдылық қорының өкілі: «Біз әр жылы Ораза айында осындай сауапты іске қатысамыз. Аз қамтылған отбасы, көпбалалы отбасы мүшелеріне азық-түлік себетін береміз. Біз Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласында қайырымдылық шараларға қатысамыз. Баршаңызға жақсылық тілейміз».
Өткен жылы мегаполисте 30 мың отбасыға азық-түлік себетін тарату көзделген болатын. Жомарт жандардың қайырлы істерге деген белсенділігінің арқасында 34 мыңға жуық отбасыға Рамазан себеттері үлестірілді. Биыл да осы бағыттағы қайырымдылық жұмыстаржалғасуда. Азық-түлік себеті көпбалалы отбасы және көмекке мұқтаж жандарға табысталады. Олардың тізімі алдын ала жасақталады. Қала мешіттерінде көмекке мұқтаждар қатарына тіркелгендер арнайы шақыртылады.
Азық-түлік себетінде күнделікті қажетті тауарлар жинақталған. Оның ішінде күріш, қант, өсімдік май, шай, ұн, макорон, тәттілер, құрма бар. Айта кетсек, көмекке мұқтаж жандарға жеңіл болу үшін «Рамазан қоржыны» қайырымдылық шарасы қаладағы «Ақмешіт», «А.Қаттани», «Байғұт баба», «Қождан ата», «Темірші ата» мешіттері таңдалып, бір орталықтан үйлеріне жеткізілді.




