Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Ақтас-1 елді мекеніндегі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында болып, ондағы жұмыстармен танысты. Қазір мұнда 300 мың тонна қалдық топырақпен көмілді. Екінші қабатты жабуға 100-ге жуық адам, 20 техника жұмылдырылып отыр. Бұл жұмыстар 20 сәуірде толық аяқталады деп күтілуде.
«Құрылыс қалдықтарына арналған қоқыс алаңшасын мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар жүргізіңіздер. Қалдықтарды сұрыптайтын, өртейтін кешендер салатын инвесторларды тарту қажет» — деді қала басшысы.
Қоқыс толығымен көмілген соң аумаққа 2000 түп ағаш отырғызу жұмыстары жүргізіледі.
Айта кетсек, қалада тұрмыстық қалдықты сұрыптап, қайта өңдеумен «ГринЛайн» ЖШС-нің қоқыс өңдеу зауыты айналысады. Басқарма басшысының айтуынша 2021 жылы 209,1 мың тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналып, оның 52,5 мың тоннасы, яғни 25 % қайта өңделген. Ал 2022 жылы бұл көрсеткішті 27%-ға жеткен.
«Мегаполисті абаттандыру мен көркейтудің алдағы бес жылға жоспарына сәйкес, қоқысты бөлек жинау және қайта өңдеу жұмыстары барынша қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, қалдықты қайта өңдеу үлесі 2025 жылға дейін 35 пайызды құрайтын болады. Бағыты басым экошара экологияны жақсартып, қоршаған ортаның тазалығын сақтау үшін де аса маңызды іс» — деді сала басшысы.
Бұдан өзге, қаланың гидрологиялық жүйесін дамыту мәселесі де ерекше мәнге ие. Алдағы 3 жыл ішінде инвесторлар есебінен бірыңғай гидрологиялық жүйені жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылады. Ағын сулар мен нөсерлі жауын-шашын жиналатын су арналарын реттеу және тазалау жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіледі. Шаһарда бүгінде 27 су арнасы мен 2 су қоймасы бар. Сонымен қатар Қошқар ата, Қарасу, Жаңа шек, Ақсай-Қарабастау мен Тоғыс, Сасық, Ынтымақ өзендері мен арналарын санитарлық тазалау жұмыстары қамтамасыз етіледі.