«Жол – экономиканың күре тамыры» деген сөзді жиі айтамыз. Расында, жолдардың сапалы болуы көлік қатынасының жақсаруына, тауар айналымының артуына және еңбек ресурстарының мобильді болуына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде экономиканың барлық секторларындағы белсенділіктің артуына жол ашатыны түсінікті. Алайда, жол сапасының маңыздылығы мұнымен де шектелмейді. Өйткені, жолдың сапасы тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмірінің жайлы болуына да тікелей әсер етеді. Әсіресе, Шымкент секілді халық саны 1 миллионнан асқан, жедел дамып келе жатқан шаһар үшін жол-көлік инфрақұрылымының маңызы айрықша. Кең, тақтайдай тегіс, заманауи жолдар болса, жол-көлік оқиғалары да, кептеліс те азаятыны мәлім.
Шымкент қаласында жергілікті билік осынау маңызды бағытқа соңғы жылдары айрықша назар аударып отыр. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, өткен 2022 жылы үшінші мегаполисте 158 нысан бойынша жалпы ұзындығы 289 шақырым жолдарда құрылыс, қайта құру және жөндеу жұмыстары жүрген. Оның ішінде жаңадан салынған және қайта құрылған 3 нысан болса, 152 нысанда орташа жөндеу және 3 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүрген. Орташа жөндеуден өткен көшелердің арасында 9-ы магистралды жол. Олар – Республика даңғылы, Т.Рысқұлов, Ғ.Иляев, Ж.Тәшенов, Ақназар хан, К.Цеткин, Жолан батыр, Мангелдин және К.Тоқаев көшелері. Сонымен қатар өткен жылы 123 шақырым топырақ көшеге шағал тас төселіпті.
Шымкент қаласының әкімдігі осынау ауқымды жұмысты биылғы жылы да жалғастыруды көздеп отыр. Атап айтқанда, 2023 жылы 201,7 шақырымдық 253 көшеде орташа жөндеу жұмысы жүреді. Сондай-ақ, биыл 140,6 шақырым жолда құрылыс және қайта құру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Міне, осы жолдардың арасындағы қаладағы көлік ағынына, кептелістердің азаюына ықпал ететін бірнеше маңызды нысандар бар. Бүгін сол нысандарға жеке-жеке кеңінен тоқталғымыз келеді.
Біріншіден, жылдың соңына дейін пайдалануға берілетін нысандардың қатарында Д.Қонаев даңғылы жалғасының 2-ші және 5-ші кезеңдері бар. Негізінде бұл даңғылдағы құрылыс жұмыстары шартты түрде 6 кезеңге бөлінгенін айта кету керек. Бірінші кезең – Түркістан көшесінен Тұрысов көшесіне дейінгі аралық. Бұл жердегі құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталған болатын.
Екінші кезеңінде қазір қызу жұмыс жүріп жатыр. Бұл кезең Тұрысов көшесінен басталып, бұрынғы тігін фабрикасының аумағына дейін, яғни, Терешкова көшесіне дейін жалғасады. Ұзындығы – 1,7 шақырымды құрайды. Бұл – өте күрделі учаске. Өйткені, Қонаев даңғылының Тәуелсіздік және Рашидов көшелерімен қиылыстарында 2 жерасты өткелі салынуда. Міне, осы учаскенің құрылысы биылғы жылы аяқталады деп күтілуде.
Басқарманың мәліметі бойынша, құрылыстың 3-ші кезеңі өткен 2022 жылдың жаз айларында аяқталып, уақытша техникалық пайдалануға берілген. Ол Терешкова көшесінен бастап Бадам өзенінің бойындағы Бөгет көшесіне дейін жалғасып жатыр. Жалпы ұзындығы – 560 метр. Бұл да күрделі кезеңдердің бірі болатын. Себебі мұнда халықаралық темір жолдың астынан ені 42 метрлік өткел салынып, 6 жолақты жол өткізілген. Жолдың екі бетіне аяқжолдар салынып, ол да темір жолдың астынан жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өткен. Сондай-ақ, мұнда ирригациялық жүйелердің де құрылысы жүріп, іске қосылған.
Д.Қонаев даңғылы жалғасының 4-ші кезеңі, яғни, Бадам өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы 2021 жылы толығымен аяқталып, қазір пайдалануға дайын күйде тұр. Құрылыстың бесінші кезеңі Бадам өзенінен басталып, Сәуле шағын ауданындағы Саттарханов көшесіне дейін жалғасады. Ал, 6-шы кезең Сәуле шағын ауданынан Шымкент қаласының жаңадан салынып жатқан оңтүстік айналма жолына дейін барып, ары қарай Ташкент тас жолына ұласып кетеді. Түйіндеп айтар болсақ, бүгінде Қонаев даңғылы жалғасының бірінші, үшінші және төртінші кезеңінде құрылыс жұмыстары аяқталған. Биылғы жылы екінші және бесінші кезеңдердегі құрылыс жұмыстары да аяқталса, осы даңғыл арқылы Түркістан көшесінен бастап Сәуле шағын ауданындағы Саттарханов көшесіне дейін көлік қозғалысын ашуға мүмкіндік пайда болады.
Сонымен қатар биыл А-2 айналма жолының 2-ші және төртінші кезеңдері пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Бұл нысанның екінші кезеңі Ынтымақ шағын ауданынан Темірлан тас жолына дейінгі аралықты алып жатыр. Жалпы ұзындығы 2,48 шақырымды құрайды. Жолдың ені 80 метр. Екі бағыттағы 4 жолақты жолдың екі жағынан да су ағатын арық, жасыл аймақ, аяқ жол салып, жарық шамдар қою көзделген. Ал, төртінші кезең – Темірлан тас жолынан Бадам өзеніндегі көпірге дейін ұласады. Бұл учаскенің жалпы ұзындығы 1,86 шақырым құрайды. Ені 35,5 метрлі 6 жолақты жолдың екі жағынан да су ағатын арықтар, жасыл аймақ, аяқжол салу көзделген.
Шымкент қаласы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегі бойынша, 2022 жылдың соңында асфальтбетон жамылғысы бар және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға жеткен. Жоғарыда баяндалған жұмыстарды атқарудың нәтижесінде бұл көрсеткішті 72 пайызға, ал, 2025 жылға қарай 85 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Осының бәрі жергілікті биліктің тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында атқарып жатқан жұмыстары деп бағалауға болады.