Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жаңадан салынып жатқан өрт сөндіру бекеттерін аралап, құрылыс жұмыстарының барысын бақылады. 4 автомобильге арналған депо Түркістан көшесі бойында салынуда. Соңғы үлгіде жабдықталатын ғимаратта қызметкерлер кабинеттерінен бөлек акт залы, қоймалар, оқу сыныбы, мұрағат пен асхана қамтылған. Жоспарға сай нысан биыл мамыр айының соңына дейін пайдалануға беріледі.
Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлы әкімшілік-іскерлік орталығындағы өрт депосы мен қосымша ғимараттың құрылыс жұмыстарымен де танысты. Бұл бекеттер өрт сөндірушілердің жұмысын жеделдетуге мүмкіндік береді. Нысандарды аралау барысында қала әкімі жауаптыларға ғимараттардың барлық талаптарға сай бой көтеруін бақылауды, құрылысты уақытында аяқтау қажеттігін басты назарға алу қажеттігін жеткізді.
Бұдан өзге, қала әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы жүргізіліп жатқан білім ошақтарының құрылысымен танысты. Алдымен М.Х.Дулати атындағы № 8 мамандандырылған мектеп-гимназиясының қосымша корпусының құрылысын тексерді. Заманауи талапқа сай бой көтеріп келе жатқан ғимарат мыңнан аса оқушыға арналған. Жобаға сай мұнда 250 орындық акт залы, спортзал, кітапхана және 320 орындық асхана қарастырылған. Мұрат Дүйсенбекұлы құрылысы екі жыл бұрын басталған нысанды жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беруді тапсырды. Сондай-ақ шаһар басшысы жауаптылармен бірге № 45 мектеп-гимназиясының 300 орындық қосымша ғимаратының құрылысын да қадағалап қайтты. Ғимаратта оқу сыныптарынан бөлек, жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы да қамтылған.
Құрылыс алаңдарын аралаған Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға сапасыздыққа жол бермей, барлық нысандарды өндірістік кестеге сай қыркүйекке дейін қолданысқа беруді тапсырды.