Жақында Шымкентте жылыту маусымы аяқталды. Биыл қыс қаһарына мініп, сары аяз жұртты әбігерге салғанымен, үшінші мегаполисте жылыту маусымы оқыс оқиғалар мен елеулі апаттарсыз тыныш өтті. Алайда, Екібастұздағы жылу электр станциясындағы апат пен Өзбекстан астанасы Ташкент қаласындағы жағдайлар ірі қалалар үшін энергетикалық қауіпсіздік мәселесінің қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет көрсетіп берді.
Екібастұзда жылу электр станциясында ірі апат болып, халық Арқаның аязында жылусыз қалып, қатты қиналғаны белгілі. Ал, Ташкент қаласында орталықтандырылған жылу жүйесі істен шығып, жұрт үйін жаппай газбен жылыта бастаған кезде газ қысымы да төмен болып, тапшылық туындады. Сөйтіп, 3 миллионға жуық халқы бар қала тұрғындары жаппай электр жылытқыштарын қосқан уақытта электрмен қамту жүйесі де сыр берді. Бір тәуліктің ішінде бірнеше қосалқы станция мен 400-ден астам трансформатор істен шыққан. Осылайша, қаңтардың аязды күндерінде ташкенттіктердің жарықсыз, жылусыз және газсыз қалғаны көпшіліктің әлі есінде.Шымкенттегі 1 миллионнан астам халықтың қыстан қысылмай шығуы, электр қуаты мен газдың және жылудың үздіксіз беріліп тұруы – жергілікті биліктің соңғы жылдары атқарған жүйелі жұмыстарының нәтижесі. Мәселен, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасының мәліметі бойынша, шаһардың табиғи газға деген қажеттілігі сағатына 250 мың текше метрді құрап отыр. Әрі бұл көрсеткіш жылдан жылға артып келеді. Бұрынғы №1 және №4 АГРС-тердің жиынтық қуаттылығы 180 мың текше метрді құрайтын еді. Яғни, өткен жылға дейін Шымкент қаласында газ тапшылығы күрделі мәселелердің бірі болатын. 2022 жылдың сәуір айында №3 автоматтандырылған газ тарату станциясы іске қосылып, оның қуаттылығы сағатына 250 мың текше метрді құрады. Аталған нысанның арқасында бүгінде Шымкент қаласында газ тапшылығы проблемасы толығымен шешілген.Сол сияқты Шымкент қаласының әкімдігі шаһарды сапалы электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстарды атқарып келеді. Мәселен, соңғы 5 жылдың ішінде қалада 4 қосалқы станция салынды. Соның ішінде қуаттылығы 160 МВт\сағатты құрайтын «Бозарық» қосалқы станциясының маңызы ерекше. Мұнан бөлек Шымкентте 2022-2027 жылдары аралығында бюджет есебінен қала аумағында 6 дана қуатты таратушы қосалқы станция салу жоспарланған. Олар Ынтымақ, Қызылсу, Жұлдыз, Тұран, «Шымсити» шағынаудандары және Шымкент көлік-логистикалық орталығында салынады.Жалпы, бүгінде Шымкент қаласы 380 МВт/сағат электр қуатын тұтынады. Қыс мезгілінде бұл көрсеткіш 450 Мвт/сағатқа дейін өседі. Қалаға электр қуатының 90 пайызы өзге өңірлерден, атап айтқанда, Экібастұз ГРЭС-1, ГРЭС-2, Жамбыл ГРЭС, Шардара ГЭС станцияларынан жеткізіледі. Шымкенттегі «3-Энергоорталық» сағатына 40 мегаватт қуат өндіре алады. Яғни, бүгінде Шымкент қаласы сыртқы қуат көздеріне тәуелді және сұраныстың жылдан жылға артуына байланысты алдағы уақытта тапшылық туындауы мүмкін.Шымкент қаласының өзектендіріліп жатқан жаңа Бас жоспарында көрсетілген есептеулерге сәйкес, 2030 жылға қарай шаһар сағатына 545,7 МВт электр қуатын тұтынатын болады. Осыған орай үшінші мегаполисте жаңадан бу-газ электр станциясын салу жоспарланып отыр. Станцияның құрылысы биыл басталып, 2026 жылы аяқталуы тиіс. Басқарманың мәліметінше, бүгінде техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы дайын. Жаңа электр станциясының қуаттылығы сағатына 550 МВТ электр қуатын өндіруге жететін болады. Демек, жаңа электр станциясы аталған проблеманы толық шешіп, Шымкентті сыртқы қуат көздеріне тәуелділіктен арылтады. Станцияның құрылысын «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамы және оның құрылтайшысы «Еуразия тобы» компаниясы жүзеге асырмақ.
Әкімдіктің инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстары мұнымен шектелмейді. Қаланың шетіндегі тұрғын алаптар мен жаңадан салынып жатқан шағынаудандарды сапалы әрі үздіксіз электр қуатымен қамту – өзекті мәселелердің бірі. Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымдық даму басқармасының мәліметі бойынша, өткен 2022 жылдың басында қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылса, 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз болып тұрған екен.
2022 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Солтүстік саяжай, Тұран (2-ші кезек), Сәуле, Жаңаталап, Нұртас, Достық, Еңбекші ауданындағы жаңа құрылыс аймақтары, Бозарық секілді 8 нысанның құрылыс аяқталған. Бұл аталған шағынаудандар мен тұрғын алаптарда өмір сүріп жатқан 66 мыңнан астам адамды сапалы электр қуатына қосуға мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, Шымкент қаласында тұрғындардың сапалы электр қуатымен қамтылу көрсеткіші 98 пайызға жеткен.
Құрылысы өтпелі Батыс, Қайнарбұлақ, Тұран (1-кезек), Нұрсәт, Түркістан секілді 5 нысанның құрылысын биыл аяқтау жоспарлануда. Тиісінше 2023 жылы Шымкент тұрғындарын сапалы электр жарығымен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді.