Бүгін «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі – термеде» атты қала жастарымен шығармашылық кездесу өтті. Ұйымдастырушылар кездесудің мақсаты ұлттық өнерімізді кейінгі буынға боямасыз жеткізіп, оны жастар арасында кеңінен дәріптеуге бағытталады, — дейді.
Кеште ҚР Мәдениет үздігі, республикалық конкурстың лауреаты, Шымкент саз колледжі ән салу бөлімінің меңгерушісі, дәстүрлі әнші, термеші – Жақып Спатаев, Б.Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектеп-интернатының ұстазы, термеші – Құнанбай Байтенов, Саз колледжінің дәстүрлі ән бөлімінің ұстазы, әнші, термеші – Ербол Қалмырзаев өнерсүйер қауыммен кездесіп, өнер жолындағы жетістіктері және бастан кешкен қызықты оқиғаларымен бөлісті.
Кездесуде болған термешілер алдымен терменің шығу тарихын баяндап, халық арасында кеңінен танылып жүрген термелерден сыр шертті.
-Терме – ата-бабамыздан бізге аманат болып жеткен, дәстүрлі өнер түрі. Халықтың мұң-мұқтажы, іште бүккен сырларын баяндайтын сондай бір керемет лирикалық өнер. Термені ары қарай халық арасында дәріптеу біз бен сізге аманат, — деді термеші Жақып Сынабайұлы. Айта кетейік, бұндай шығармашылық кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
–Қазақтың ұлттық өнері жастар тұрғанда ешқашан өшпейді. Біздің міндетіміз – ұлттық өнерді ұлықтап, шәкірттерімізді ән-терме бағытында тәрбиелеу. Соңғы уақыттары заманның ағымына қарай термелер эстрадалық бағытта айтылып жүр. Терменің әрбір сөзінде қаншама тәрбие жатыр. Жыршылық-тер¬мешілік өнер жаңаша серпінде айтылып, насихатталса өнерге қызығушылар саны артатаны анық,– дейді ҚР Мәдениет саласының үздігі, Саз колледжінің директор орынбасары Әлімжан Серікқазы.
Рухани кеште жыр саңылақтары орындаған термелерді жастар ұйып тыңдады. Ұлттық өнерді ұлықтаған мұндай кештердің ұрпаққа берері көп екені айдан анық.