Түркістан өңірі аса қауіпті жұқпалы аурулар, оның ішінде Конго Қырым геморрагиялық қызбасына қолайсыз аймақ болып табылады. Яғни, облыс аумағында КҚГҚ-ның қоздырғышы бар кенелер көп дегенді және аурулардың тіркелуін білдіреді. Көктем мезгілінің келуімен тұрғындарға келетін қауіп те жоғары. Күннің жылынуына байланысты кенелер жер бетіне шығып, шабуылдауды бастайды. Әсіресе, мал шаруашылығымен айналысатын орындар, қора-жайларда, адамдар көк шалғын табиғатқа шыққанда жиі орын алады.
2022 жылы облыста 1 534 адам қауіпті жәндіктен зардап шегіп, (2021 жылы 734 жағдай) көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 2 есе өскен. Оның ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы диагнозымен 12 науқас тіркеліп, аурушаңдық 2021 жылмен салыстырғанда 8 жағдайға артып отыр.
КҚГҚ ауруының эпидемиологиялық жағдайын барлау мақсатында облыстағы 835 елді мекендерден барлығы 83 802 дана кене жиналып, зерттеулер нәтижесінде 130 сынамадан КҚГҚ-ның қоздырғышы анықталған, жұқпалылық пайызы 1,9 құрады.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – бұл вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі клиникалық көріністері: Аурудың алғашқы белгілері дене қызуының кенеттен 380С және одан жоғары көтерілуімен, қатты бас ауыруымен, көздің қызаруы, бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігін қан кернеуімен және мойын, арқа, белдің ауыруымен, лоқсу немесе құсу, іш ауыруы немесе өтуі болады. Ауру одан әрі асқына бастаған жағдайда денеде бөртпелер пайда болып, мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету және ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілері байқалады.
Облыс тұрғындарының назарына!
Аурудың алдын-алу үшін табиғи ошақ аумағында орналасқан елді мекендердегі жануарларды, қора-жайлар мен буферлік аймақтарды, үй жайлар ауласы мен демалыс аймақтарын кенеге қарсы залалсыздандыру қажет.
Табиғи ошақтарда орналасқан тұрғындар малдарды күтіп қарағанда, жануарларды сою мен етін бөлшектеу кезінде қорғану үшін арнайы киім кию қажет. Иелігінде ауылшаруашылық малдары бар азаматтар қора-қопсыларды қи мен көңнен механикалық жолмен тазартып, науқан кезеңдерінде ауылшаруашылық малдарының залалсыздандыру жұмыстарымен қамтылуын қадағалау қажет.
Кене шаққан немесе кенемен жанаста болған жағдайларда міндетті түрде медициналық ұйымға қаралыңыз!
Нұрбек Нышанов
Түркістан облысының СЭБД басшысы