Түркістан қалалық орталық ауруханасына «Euroampli Alien Cardio» жылжымалы ангиографиялық жүйесі орнатылған ота залының ашылу салтанаты өтті.
Шараға Түркістан облысының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Пашимов қатысты.
– Бүгін Түркістан қаласындағы орталық ауруханаға заманауи жылжымалы ангиографиялық жүйесі орнатылды. Одан бөлек, Сайрам және Сарыағаш аудандық ауруханаларына да қойылған болатын. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Мұның бәрі халық үшін жасалып жатқан жұмыстар. Денсаулық сақтау министрлігі және облыс әкіміне алғысымызды білдіреміз. Мемлекеттік қолдаудың арқасында осындай құрал-жабдықтар медициналық мекемелерге қойылып жатыр. Бұл жүйе жүрек, ми және аяқ-қол тамырларына күрделі ота жүргізуге мүмкіндік береді, – деді Марат Орынбасарұлы.
Сондай-ақ басқарма басшысы ауруханадағы ангиохирургия бөлімшесін аралады. Ұлттық ғылыми медициналық орталығының жетекші хирург-интервент маманы Б.Усмановтың қатысуымен өтетін мастер-класс барысында емдеу жоспарланған науқастардың жағдайымен танысып, тілдесті. Айта кетейік, алдағы уақытта да халық үшін игі жұмыстар атқарылып, денсаулық сақтау саласындағы жұмыстар жалғаса бермек.Айта кетсек, аурухана компьютерлік томограф, рентген, жеке медициналық газ станциясымен жабдықталған. Ондағы палаталар 2-3 науқасқа арналған және орталықтандырылған оттегімен, таза ауыз сумен қамтылған. Науқастарға 150 білікті маман қызмет көрсетеді.Аурухананың құрылымында 12 клиникалық бөлімше, параклиникалық бөлімшелер, клиникалық, бактериологиялық, серологиялық зертханалар, эндоскопия, УДЗ, рентген, КТ кабинеттері, дәріхана бар. Қосымша урология, оториноларингология, пульмонология, гинекология, жақ-бет хирургия бөлімшелері қызмет көрсетеді.Түркістан облысы аумағында 140 жедел-жәрдем бригадалары жұмыс істейді. Жалпы қала мен аудандарда 22 бекет, 1 оперативті және 1 медициналық авиация бөлімі бар. Оларда 36 дәрігерлік және 104 фельдшерлік бригада қызмет атқарады.