Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, ауданға инвестиция тарту жұмыстарын жүйелі, қарқынды жүргізу мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов «Жаркент жүгері өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Вилиян Халиковпен кездесті.
2005 жылы Алматы облысының Панфилов ауданында ашылған зауыт тәулігіне 350 тонна, жылына 120-140 мың тонна жүгері өңдеуге қауқарлы. Бүгінде 300 адам тұрақты жұмыс істейтін зауыт өнімдерін Азия және Еуропа елдеріне экспорттайды.
Аудан басшыларына бастамасына тәулігіне 100-120 тонна жүгері өңдейтін кәсіпорын салуға ниетті екенін айтқан алматылық инвесторлар 1 мың гектар егістік жер де сұрады. Жетісай, Мақтаарал, Шардара аудандарының шаруалары жүгері егудің тиімділігіне толықтай көз жеткізгенше зауытты шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында жүгеріні өздері егіп отырмақ. Алдағы уақытта инвесторлар өнім көлемін арттырып, 300-ге жуық жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндіктері бар екенін айтады.
Айтылған ұсыныстардың тиімділігіне қарай сала мамандарымен кеңесіп, шешім қабылданатынын жеткізген аудан басшысы ортақ келісім жасалған жағдайда қажетті инфрақұрылымдармен толықтай қамтамасыз етуге уәде берді.
Сала мамандарының мәліметінше, өткен жылы ауданда негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 15053,9 млн. теңгеге жеткен. Оның 8771,6 млн. теңгесі бюджет есебінен болса, 6133,3 млн. теңгесі жеке қаражат есебінен тартылған.
Сондай-ақ, Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы «John Deere» компаниясының өкілдерін қабылдады. Мақсат – инвестиция тарту арқылы мақта шаруашылығына қажетті заманауи комбайндарды ауданда жөндеу, құрастыру орталықтарын ашу, жергілікті тұрғындар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету.
Аталмыш компанияның өкілі Аслан Ибрагимовтың айтуынша техникалық қызмет көрсету орталығы іске қосылған жағдайда негізгі құрам қолынан іс келетін жергілікті тұрғындардан жасақталатын болады.
Ұсыныс аудан әкімі Серік Мамытов тарапынан қолдау тауып, құрылыс жүргізуге арнайы жер де ұсынылды. Қажетті инфрақұрылымдарды жеткізіп беруге уәде етті.
«Біз үшін ауданның дамуына, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына қаржы салатын әрбір инвестор маңызды. Өйткені, инвестиция тарту арқылы кәсіпорындар ашылып, тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жақсарады.
Қос тарап өз шарттарын айтып, ортақ келісімге келу жұмыстары жүретін болады. Біз қабылдайтын шешім бірінші кезекте аудан үшін тиімді болуы керек» деді аудан басшысы.
Айта кетейік, аудан бойынша бүгінде жұмысқа жарамды жалпы 224 мақта терім машиналарының 91 данасы «John Deere» маркалы комбайндары болса оның 20 данасы 2020 жылы, 14 данасы 2021 жылы, 18 данасы 2022 жылы алынған.