Бүгін Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) Бас хатшысы С.А.Раевтың Түркі әлемі математикалық қоғамының (Turkic World Mathematical Society) президенті Б.Т.Жұмағұловпен кездесуі өтті.
Кездесуде Түркі әлемі математикалық қоғамының VII Конгресін (TWMS 2023) өткізу мәселелері талқыланды, оның мақсаты — ғалымдардың халықаралық байланыстары мен ғылыми ынтымақтастығын кеңейту, математика ғылымын дамытуға және ғылыми зерттеулерде, техника мен білім беруде математика, ақпараттық технологиялар жетістіктерін қолдануға жәрдемдесу.
TWMS-тің кезекті конгресі 20-23 қыркүйек аралығында Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің базасында өткізіледі.
Кездесу барысында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы С.А.Раев конгрессті жоғары деңгейде өткізуге қолдау көрсетіп, жан-жақты көмек көрсететініне сенім білдірді.
Еске салсақ осыған дейін, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында Түркітілдес елдер Математикалық қоғамының VI Конгресі өткен еді. Халықаралық жиынды Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Түркі әлемі математикалық қоғамының президенті Бақытжан Жұмағұлов ашқан болатын.
«Біз Қазақстанның бетке ұстар университеті – Еуразия ұлттық университетінің шаңырағында түркітілдес елдерінің математикалық қоғамының VI Конгресін ашып отырмыз. Ең жоғары сапалы кәсіби маман даярлайтын бұл университетте танымалы математиктер шоғырланған. Сондықтан, біздің математиктер өз үлесін қосып, Конгрестің нәтижесі өте жоғары болатынына сенімдімін», -деген еді ол өз сөзінде. Конгрестің негізгі мақсаты — түркі тілдес елдер ғалымдарының өзара халықаралық байланыстарын кеңейту және ғылыми ынтымақтастығын арттыру, математика мен ақпараттық технологиялардың жетістіктерін ғылыми зерттеулерде қолдану. Халықаралық жиынға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Әзербайжан, Тәжікстан, Сербия, Ирак, Алжир және АҚШ сияқты елдерден 250-ден аса жетекші ғалымдар қатысқан. Төрт күнге жоспарланған Түркі тілдес елдердің Математикалық қоғамының VI Конгресі мамандықтар бойынша бір мезгілде өтетін төмендегідей ғылыми форумдардан тұрды: конференциялар (Conference); минисимпозиумдар (Minisymposium); семинарлар (Workshop); секциялар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Конгресс бағдарламасына Конгрестің жалпы пленарлық баяндамалар, конференциялар мен минисимпозиумдар ішіндегі пленарлық және секциялық баяндамалар енгізілген. Сонымен қатар, Конгресс барысында дифференциалдық операторлар және спектралдық мәселелер бойынша көрнекті маман, профессор Мұқтарбай Өтелбаевтың 75 жылдығына арналған «Пәнаралық байланыстардағы функционалдық анализ» атты халықаралық конференция өткізілген болатын.