Келес ауданында «Аңыз бен ақиқат арасы» кітабының екіншісі жарық көрді. Бұл туралы Келес ауданының құрметті азаматы, журналист Оңғар Исаев әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Жазушының айтуынша аталған кітап 2023 жылдың алғашқы айында «Тоғанай Т» баспасынан басылып шығарылған.
— Кітапта әлем тарихшыларына ежелден белгілі, Келес даласының атын жаңғыртып келе жатқан, Келес ауданының аумағында осы уақытқа дейін елеусіз болып келген, Қазақ тарихына қатысы бар ерекше орындар мен кейбір ру, тайпалардың бізге белгісіз болып келген шежіре мәліметтері көпшілік назарына ұсынылған. «Алқакөлдің «Алқакөл сұлама» аталғанына 300 жыл», «Келес құйғанындағы әпсаналар», «Ақбура әулиенің Келес ауданындағы орыны», «Сіргелі,Үшатадан шыққан Қожаберген батыр» деген сияқты зерттеу мақалалар мен «Алқакөл суреттері», «Келес даласы сыры ашылмаған тұнып тұрған тарих», «Сырдарияның астынан өтетін тунел жол болған» деп аталған фотосуреттер топтамасы ешкімді де енжар қалдырмайды, — дейді жазушы.
Сонымен қатар кітап беттерінде басқа да өлеңдер мен жырларға және естеліктерге орын берілген. «Жақсының жақсылығын айт,нұры тасысын» деген тақырыппен жүзге жуық кісілердің суреттері мен өмірбаяндары жарияланған.
Бастауын Қазығұрт тауынан алатын Келес өзені ұлы Сырдарияға құйғанға дейінгі аймақты нәрлендіріп жатқалы қанша мың ғасыр өтті десеңізші. Біреулер Қазығұрт тауына Нұх пайғамбардың кемесі тоқтағанына 12-13 мың жыл болды десе, енді біреулер 40-50 мың жыл дейді, анығын бір Алла біледі. Осы топансудан кейін жер беті Алланы мойындамайтындардан тазартыпты. «Әлімсақтан бері мұсылманбыз» дейтін ұрпақтың арғы ата-бабалары осы аймақта дүниеге келіп, өсіп-өніпті. Жылдар өте аңшылық қылатын мекен тарлық етіпті. Егін егетін, кен қазатын жер іздеген Нұх пайғамбардың ұрпақтары киелі Қазығұрттың жасыл жайлауларынан дүниенің төрт бұрышына жылжып, бүкіл әлемге тарапты.
Тарихта ең көне «Келес» сөзімен аталатын өзен бойында қазір жарты миллиондай халық жасайды. Ағыстың бас жағындағы Қазығұрт ауданында 150 мыңға жуық, оған жалғас Сарыағаш ауданында 350 мыңнан астам тұрғын бар. Олардан жыл сайын қоныс аударып, еліміздің батыс, шығыс, орталық, солтүстік аймақтарын елге толтырып жатқандарын есепке алып жатқан ешкім жоқ. Осынау киелі өзеннің соңғы, үштен бірін алып жатқан төменгі ағысындағы аймақты ел қазір «Келес өңірі» деп айтады.
Оның өзіндік себебі бар. 1925 жылы осы аймақтағы Алтын, Жаушықұм, Үштөбе болыстарын Байқабыл (кейін Келес аталған) болысына қосып ірілендірді. Орталығы базарымен, жәрмеңкесімен аты шыққан Ешан базар ауылы болды. Сәл кейінірек оған Болат (Сарыағаш аймағы) болысы қосылды. Бұл аталған болыстар аймағы қазіргі таңдағы Сарыағаш ауданы көлемінен асып түсетін еді.
Қазақ АССР-і, Сырдария округі, Ташкент қазағы оязына (Ташказакский уезд) қарасты жоғарыда аталған болыстар негізінде 1928 жылы 17-ші қаңтарда Келес ауданы құрылды.
1930-1932 жылдары Келес ауданы тікелей республикаға бағынатын болды. 1932 жылы 10-шы наурызда орталығы Шымкент қаласы болып, жаңадан ұйымдастырылған Оңтүстік Қазақстан облысының қарамағына енгізілді. 1939 жылы Келес ауданы аумағынан Сарыағаш ауданы енші алып шықты, орталығы қырқада орналасқан шағын Сарыағаш ауылы болды.