Қазығұрт аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Тесіктөбе ауылдық кітапханасында ойшыл, ақын, ұстаз Қожа Ахмет Яссауидің туғанына 930 жыл толуына орай «Ұлы дала дарасы Қожа Ахмет Яссауи» атты тақырыпта тарихи танымдылық сағаты өтті.
Рухани шараның мақсаты оқырмандарға Қожа Ахмет Яссауидің ілімі ұсынылатын ізгілікті ойлар туралы білім беру. Сонымен қатар, Яссауи еңбегіндегі дүниетанымдық философиялық тағылымдарын саралауына бағыт беру. Ойшылдар еңбегін оқып-үйрену мен олардың мұраларына құрмет сезімдерін қалыптастыру.
Қожа Ахмет Яссауи – суфизм поэзиясының негізін қалаушы, барлық Шығыс мұсылмандарының рухани тәлімгері және діни жетекшісі. Ақын, ойшыл, ғұлама 1093 жылы Ясы қаласында дүниеге келген. Ұстазы – Арыстан баб. Оның бүгінгі ұрпаққа жеткен көлемді шығармасы — «Диуани хикмет».
Өз аты Ахмет, есімінің алдындағы «қожа» мұсылман дінін таратып, уағыздаушылық қызметіне орай берілген атау, ал соңындағы «Ясауи» ақынның қай жерден шыққандығын көрсетеді. Бірақ нақтылық үшін айтсақ, Йасы қаласы оның туған жері емес, жастайынан жетім қалып, ағайын туыстарының қолына келіп, бала кезінен өскен жері. Ақынның туған жері қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданы. Әкесі Ибрахим мұсылманша сауаты бар, сөз қадірін білетін білікті адам болған. Бала Ахметтің басты ұстазы, тәрбиешісі аталас туысы болып келетін Арыстанбаб болды. Ол өмірден қайтқаннан кейін Ахмет 17 жасында Йасы қаласына келеді. Дәл осы кезден бастап араб, шағатай, парсы, түркі тілдерінде өлеңдер жаза бастайды. Шығыс поэзиясы мен әдебиетіне ден қойды. Кейін Бұхара қаласында Жүсіп Хамаданидің діни медресесінде оқыды. Оны тәмәмдаған соң сопылық жолдың біраз ащы-тұщысын татып, көптеген қалаларды аралап, туған шаһары Түркістанға қайтып оралады да, Арыстанбаб қалап кеткен дәстүрді жалғастырды. Осында ол ислам дүниесі кең таныған кемеңгерге айналды. Ал 63 жасынан бастап қалған өмірін жер астында, яғни қылуетте өткізді. Бұны Ахмет «Пайғамбар жасына жеттім. Маған одан артықтың қажеті жоқ», — деп түсіндіреді. Қанша жыл ғұмыр кешкені жөнінде әр түрлі деректер бар. Бір деректе 73 жыл, келесілерінде 85 жас деп берілген. Ж.Аймауытов ақынның 149-шы хикметіне сүйеніп, Ясауиды 125 жас жасаған дейді.
Қожа Ахмет Ясауиге тәу етушілер алдымен Арыстанбабтың басына барып түнейді. 1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Яссауи республикалық мұражайы ашылды. 1989 жылы тамыздың 28-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Түркия елімен арадағы келісім бойынша жүргізілген ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы аяқталды. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.