Кәсіпкерлікті дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған ұлттық жобасын жүзеге асыру аудан аумағында жалғасын табады. Жоба аясында халықты жұмыспен қамту ісіне жәрдемдесу көзделсе, аталған бағыт бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлікке оқыту, жұмыс орындарын көбейту – жоспарға сай жүзеге асырылады. Жастарды жұмыспен қамту мақсатында, «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары да талапқа сай жүргізіледі.
Былтырғы жылы аудан аумағында өткен аудан әкімінің халықпен кездесулерінде түрғындардың басым бөлігі мемлекеттік грант жөнінде сұрақтар көптеп қойды. Бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант бөлу биылғы жылы да жалғасын табатындықтан, қайтарымсыз грант жөнінде толық түсіндіріп өтуді жөн көрдік.
*Мемлекеттік грант – жаңа бизнесті бастауға және дамытуға өтеусіз берілетін бастапқы капитал. Грант — ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өз бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Гранттың мөлшері – 400 АЕК, яғни 1 380 000 теңге. Әр қатысушыға тек бір рет қана беріледі.
Мемлекеттік грантқа кім үміткер бола алады: тіркелген жұмыссыздар, жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін), бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер. Үміткерлер бұған қоса, төменде көрсетілген әлеуметтік санаттардың бірінен болуы қажет. Олар: мүгедектігі бар адамдар, қандастар, өңіраралық қоныс аударушылар, тұрмысы төмен отбасы мүшелері. көпбалалы отбасы мүшесі (жұбайы/зайыбы), мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандар (жұбайы/зайыбы), асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатындар, жастар.
Мемлекеттік грант иегері атану үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы мерзімі үш жылдан аспайтын сертификаты болуға тиіс. Грант ақшасын қажетті құрал-сайман, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, мал, құс, көшеттер, бұталар мен тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге жұмсауға болады.
Сондай-ақ, грант қаржысы тұтынушылық мақсатқа, кредитті өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнім өндіруге берілмейді.