ХХІ ғасырда білім, ғылым, инновациялық игіліктерді меңгерген ел озады. Яғни, адами капиталды дамыту маңызды міндет саналады. Ал адами капиталды дамытуда білім беру жүйесіне күш түсетіні анық. Сондықтан отандық білім беру жүйесін жетілдіруде реформалар жүргізілуде. Ұстаздық – адамзат өркениетінде қаншама мың сан мамандықтың ішіндегі ең ізгісі, құрметтісі.«Адамның адамшылығы — жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі оқушының болашақ азығы. Жақсы ұстазға кезігіп, тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай күресіп, болашақ жолдарда бағытынан таймасы анық.
Бүгінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа жыл мерекесіне орай ұлағатты ұстаздарды марапаттап, сый-сияпат табыстады.
-Тәуелсіз елдің тұғырлы болуына, білім саласының артуына, ауданның әлеуметтік- экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне қосқан үлестеріңіз ұшан теңіз. Ұстаз ол-Ұлы есім. Әрбір игі істеріңіз бен бастамаларыңызға сәттілік тілеймін,-деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы ауданымыздың білім жүйесінің жағдайын жақсартуда өзіндік үлесін қосып, көптеген жылдар бойы білім саласында қызмет етіп келген ұстаздарға аудан әкімінің алғыс хаты мен сый сияпатын табыс етті. Сонымен қатар, аудандық мәслихат хатшысы Бегімбет Байғараев та ұстаздар қауымына ыстық ықыласын білдіріп, Созақ аудандық мәслихат хатшысының алғыс хатпен марапаттады.
Айта өтсек, Созақ ауданның білім саласында 40 мектепке дейінгі ұйым тіркелген, оның ішінде 37-сі балабақша, 3-і шағын орталықтар. Олардың 17-сі мемлекеттік, 20-сы жекеменшік балабақшалар. Мемлекеттік балабақшаларда – 2491 бала, жекеменшік балабақшаларда – 1742 бала, шағын орталықтарда 85 бүлдіршін, МАД тобында – 1387 бала тәрбиеленуде. Жалпы ауданда қамтылуы тиіс 3 пен 6 жастағы балалар саны 3976 болса, 100% қамтылып отыр.