Кеңестік мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында, қызметкердің отбасында өмірге келген. Әкесі Меңліахмет Жұмабайұлы 1886 жылы туған. Алматы облысында ауылшаруашылық, сауда мекемелерінде жұмыскер болып істеген. Қазақ, орыс тілдерінде жаза, оқи білетін сауатты болған. Анасы, Зәуре Баирқызы үй шаруасында бала тәрбиесімен айналысқан.
1930 жылы – Алматыдағы №14 орта мектепті бітіргеннен кейін, 1931-1936 жылдары – Қазақстан Өлкелік комсомол комитеті Дінмұхамед Қонаевты Мәскеудің Түсті металл институтына оқуға жібереді.
Еңбек жолдары:
1937-1939 жылдары Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат руднигіне жұмысқа орналасып, онда бұрғылау станогінің машинисі, цех бастығы, рудниктің бас инженері және оның директоры болды.
1939 жылы — Екінші дүниежүзілік соғысының қиын күндерінде тылдағы жұмысты ұйымдастыруда іскерлігімен көзге түсіп, «Алтайполиметалл» комбинаты бас инженерінің орынбасары, Риддер руднигінің және КСРО қорғасын-мырыш өнеркәсібінің ең ірі кәсіпорындарының бірі – Лениногор кен басқармасының директоры қызметтерін атқарды. 1939 жылы – КОКП мүшелігіне қабылданды. 1942-1952 жылдары — Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасының орынбасары болып қызмет етті. Осында жүргенде Қазақстан ғалымдары оған зор сенім көрсетіп, оны Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі және оның президенті етіп сайлайды. 1955-1960 жылдары — Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды.
1960-1986 жылдары – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарды.
Д.А. Қонаев басқарған жылдары республика экономикалық және мәдени жағынан ең жоғары өрлеуді басынан өткерді. Ол жылдары кең байтақ қазақ жерінде 43 қала бой түзеді. Оның ішінде, өнеркәсіп орталығы саналған Рудный, Екібастұз, Шевченко (қазіргі Ақтау), Теміртау, Жаңатас, Кентай, Арқалық, т.б. қалалар салынды. Ауыл шаруашылығы қарқынды дамып, тың және тыңайған жерлер игерілді. Мал саны көбейіп, ауыл шаруашылығының өнімдері жыл сайын артып отырды. Қазақстанның өнеркәсіп, оның ішінде түрлі-түсті металлургия саласы жоғары деңгейде дамыды. Мыстың үштен бір бөлігі, қорғасынның 70, мырыштың 40 пайызынан астамы қазақ жерінде өндірілді. Өскемен қорғасын-мырыш және титан-магний комбинаттары, т.б. іске қосылып, Ақтөбе қаласындағы шығарылған хром кенінің көлемі артты. Металл өңдеу және көлік жасау салаларында да өндіріс тиімділігі артты.
Алматы ауыр машина жасау зауыты шығарған өнім әлемнің 40-тан астам мемлекетіне таралды. Қазақ жерінің аумағында көмір мен мұнай кен орындары ашылып, Қазақстан отын-энергетика өнеркәсібінің ірі орталығына айналды. Тараз және Шымкент қалаларында орналасқан комбинаттар сары фосфор өндіру бойынша әлемде бірінші орында болды.
Өзі өнеге, сөзі ғибрат Д.А. Қонаев ұрпаққа өнеге боларлық өмір жолы жайында «Ақиқаттан аттауға болмайды», «Өтті дәурен осылай» атты ғұмырбаяндық кітаптар жазып қалдырды. Ол кітаптарда Қазақстандық елу жылдық тарихы, ел экономикасы, әлеуметтік дамуы, мәдени өсіп-өркендеуін, өз өмірінің жекеленген сәттерінен сыр шертеді.
Аңыз адамның басты қасиеттері адамсүйгіштігі, әділеттілігі, биік адамгершілігі, нақтылығы, істі терең білуінде. Ол ғажайып дана кісі еді. Өз ісі арқылы халқының шынайы сүйіспеншілігіне ие болған, оның аты өзін шексіз кұрметтейтін ұрпақтарының жадында мәңгі қалған.
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылғы тамыздың 22-сінде, 82-жасқа қараған шағында кенеттен қайтыс болды. Ер есімі қашанда ел есінде.