Жетісайда Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Сраиловтың шығармашылық кеші өтті. Аталмыш кешке Қазақстан Суретшілер одағы Түркістан облысы филиалының төрағасы, ҚР Мәдениет қайраткері, ардақты ұстаз, суретші-кескіндемеші Нұрлан Шилібайұлы, ҚР Көркем-сурет академиясының Түркістан облысы филиалының төрағасы, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, суретші-гобеленші Құттыбек Жақып, Қазақстан театр қайраткерлері Одағының төрағасы, танымал актер, режиссер, педагог, Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов сынды тұлғалармен қатар Түркістан облысы мәдениет басқармасының бас маманы Ержігіт Сартаев және кеш иесінің әріптес-достары мен жақындары қатысты. Алдымен кеш қонақтары Шымкент қалалық орыс драма театрында ұйымдастырылған Бақыт Бекмырзаұлының «Кеңістік» атты сурет көрмесін тамашалады. Шара барысында Ержігіт Сартаев Түркістан облысы мәдениет басқармасы басшысының алғыс хатын табыстап, сый-сыяпат көрсетті. Кешті Айжан Тәженова бастаған ҚР Мәдениет қайраткерлері өз өнерін паш етіп, концерттік бағдарламамен жалғастырды.
Бала күнінен бейнелеу өнеріне ғашық болып өскен Бақыт Бекмырзаұлы бүгінде суретші ретіндегі таланты сахналық шешімдер жасауда көп көмегі тиетінін айтады. Оның Қазақстан театрлары сахналарындағы қоюшы-суретші шешімдері ретінде Р.Гамзатовтың «Тау қызы», І.Есенберлиннің «Ғашықтары», С.Камаловтың «Ер Тарғын», М.Әуезовтің «Қорғансыздың күні», А.Островскийдің «Жазықсыз жазықты», Б.Васильевтің «Тамылжыған таң», И.Ғайыптың «Негізгі шаруа», «Естай-Қорлан» драмалары, Ш.Хұсайыновтың «Үкілі Ыбырай» муздрамасы, «Әбу-Нәсір Әл-Фараби» тарихи драмасы, И.Сапарбайдың «Сыған серенадасы» муздрамасы, «Біз де ғашық болғанбыз» драмасы сынды 70-тен астам қойылымдарын дәлел ретінде айтуға болады.
Ол қоғамдық істердің де майталманы. Еңбекқор азамат, білікті басшы Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының директоры. Жетісай драма театрындағы М.Әуезовтің «Қарагөз», Ш.Айтматовтың «Жәмилә» қойылымдарын безендіруі суреткер ретіндегі қырын айғақтай түсті. Қазақстан Суретшілері Одағының мүшесі Бақыт Сраилов 1982 жылдан Республикалық және Халықаралық көркемсурет көрмелері мен театр байқауларының лауреаты атанды.