Қызылжар ауылдық мәдениет үйінде Сарыағаш ауданы бойынша «Жыл үздігі-2022» атанған азаматтарды марапаттау іс-шарасы өтті. Салтанатты жиында аудан әкімі Мұхит Баймұханбетұлы өз салалары бойынша үздік атанып, еңбегімен, отаншылдығымен танылған түрлі сала өкілдерін құттықтады.
«Алдымен баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! 2022 жылды қорытындылай отырып, халқымыз үшін осындай қиын кезеңде әр салада жемісті еңбек етіп, халыққа сапалы қызмет көрсетуде абырой биігінен көрінген азаматтарға «Жыл үздігі-2022» номинациясын табыстағалы отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде үнемі еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса назар аударып келеді. Еңбек адамының беделін асқақтатуға, адал еңбектің нәтижесін көруіне аса зор мән береді. Еңбекте ғана емес, өмірдің барлық саласында үлкен жетістіктерге жетулеріңізге тілектеспін. Тәуелсіз еліміздің мақтанышына айналып, өскелең ұрпаққа өнеге болып, Сарыағаш ауданында әрқашан үлгі болып жүретіндеріңізге сенемін! Марапаттарыңыз құтты болсын!»,-деді Мұхит Баймұханбетұлы. Аудан басшысы жылдың үздік мәдениет, білім, денсаулық сақтау салалары бойынша жыл үздіктерін марапаттап, құрмет көрсетті.
Жиында аудандық мәслихат хатшысы С.Тасқұлов спорт, кәсіпкерлік, әлеуметтік, коммуналдық шаруашылық салалары бойынша жыл үздіктерін марапаттады. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұстафа Сүлейменов әлеуметтік, төтенше жағдайлар, экономика, ауыл шаруашылығы салалары және мемлекеттік қызметшілер бойынша жыл үздіктеріне марапаттарын тапсырды. Жалпы 29 аталым бойынша үздіктер құрметке бөленді.
Түрлі салада ауданымыздың дамуына үлес қосқан азаматтардың, еңбек адамдарының мерейі тасыған кеште аудан өнерпаздары өздерінің концерттік бағдарламасын ұсынды. Салтанатты іс-шараға көпшілік қауым ризашылығын білдіріп, үздіктерге шын ықыласпен құрмет көрсетті.




