Бүгін Мақтаарал ауданында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» негізінде бизнес-идеяларды іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант алып кәсібін бастаған кәсіпкерлердің өнімдерінің көрмесі өтті.
2022 жылы Мақтаарал ауданында 224 азамат қайтарымсыз грант иегері атанған. Олар кондитерлік өнімдер, тігін өнеркәсібі, сүт өнімдері, жартылай дайын тағамдар, нан өнімдері, қазы бургер, сыйлық түрлерін жасау, ұялы телефон әсемдеу, омарта шаруашылығы, жүннен тоқылатын өнімдер, фото-студия, көлік жабдықтарын жасау, жылыжай шаруашылығы, қуырылған балмұздақ, жиһаз жасау, компьютерлік қызмет көрсету, бухгалтерлік қызмет көрсету, дәнекерлеу ісі, мал шаруашылығы салаларында өз кәсіптерін бастаған болатын. Бүгінгі көрмеде кәсіпкерлер аталған салалар бойынша өздерінің шығарып жатқан өнімдерін аудан жұртшылығына ұсынды.
Іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов қатысып, кәсібін жаңадан бастаған кәсіпкерлердің жұмысымен, шығарып жатқан өнімдерімен кеңінен танысты. Сонымен қатар аудан басшысы жиын барысында сөз сөйлеп, ауылдың, ауданның, тіпті еліміздің әлеуметтік-экономикасын көтеру үшін шағын және орта бизнес дамуы керек екенін атап өтті.
«Бөлініп жатқан қаражат – мемлекет тарапынан өз азаматтарының кәсіп бастауына берілетін үлкен мүмкіндік және Президентіміздің үлкен қолдауы. Жобаға қатысқан әр қатысушы осы мүмкіндікті пайдаланып, әрекет етіп, кәсібін дамытуға тырысса, елімізде шағын және орта бизнес дамып, жұмыссыздардың саны азайып, ел экономикасы көтеріле түспек», — деді, Бақыт Насырханұлы.
Мұнан соң сөзге шыққан аудан әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-нің директоры Мұхтар Әжіқабылов мемлекеттен қайтарымсыз грант алудың ережелері туралы іс-шара қонақтарына кеңінен түсіндіріп өтті. Бағдарламаға 29 жасқа дейінгі жастар, атаулы әлеуметтік көмекті алушылар, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жұмысқа жарамды азаматтар, мүгедек бала тәрбиелеуіндегі отбасылар, асыраушысынан айырылған отбасылар, қандастар және оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушылар мемлекеттен қайтарымсыз грант алуға үміткер бола алатынын жеткізді.
Мақтаарал ауданында 2022 жылы «Business Enbek» электронды порталы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне онлайн оқуға 1415 азаматтың жеке өтінішітері қабылданып, оның 1008-і оқуын аяқтап, сертификат алған. Сонымен қатар 2020-2021 жалдар аралығында «Атамекен бизнес» порталы арқылы 700-ге жуық азамат сертификатқа ие болған. Бұл көрсеткіштер ауданда мемлекеттік грантқа үміткер азаматтардың өте көп екенін көрсетеді.
Айта кетейік, биыл 224 адамға 1 225 200 теңгеден мемлекеттік грант беріліп, жалпы осы бағытта 274 миллион теңгеден астам қаржы толық игерілген.