Сайлау күні түркістандықтар қоғамдық көлікпен тегін жүреді. Бұл күні шаhар аумағынан қатынайтын автобустар қалыпты режимде жұмыс істейді.
Жалпы Түркістан қаласында 230-ға жуық қоғамдық көлік бар. Олар 24 бағытта тұрақты түрде қатынайды. Қазіргі таңда өңір тұрғындарын діттеген жеріне жеткізу үшін екі мекеме қызмет көрсетеді. Тұрғындарға мұндай жағдай жасау еліміздің өзге де аймақтарында жүзеге асуда.
«Президент сайлауы күні халықтың жүріп-тұруына, сайлауға қатысуына оңай болуы үшін қала әкімдігінің мекемелерімен көліктердің тегін жүруіне келіссөздер жүргізген болатынбыз. Жалпы 230 қоғамдық көлік 20 қараша күні халыққа қызмет ететін болады», — деді Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов.
Естеріңізге сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын. Бұл орайда, түркістандықтардың сайлау науқанына дайындығы мен ынтасы зор. Өңір тұрғындары Қазақстанның баянды болашағы үшін дұрыс таңдау жасап, сайлауда белсенділік танытпақ ниетте. Қазір еліміздің барлық өңірлерінде саяси шараға дайындық қызу жүріп жатыр. Мәселен Түркістан облысында 919 сайлау учаскесі жасақталды. Онда 1 млн 168 мыңнан астам сайлаушы таңдау жасайды.Облыс әкімдігі мен аудан-қалаларда колл орталықтар ашылған. Ондағы мамандар жергілікті халықтың сұрақтарына жан жақты жауап береді. Ал сайлау комиссияларының мүшелері мен құқық қорғау органы қызметкерлері, жастар мен БАҚ өкілдеріне арнайы оқыту әдістемелік семинарлары өткізілген.Аймақта 11 мыңға жуық мүгедек жан бар. Олар үшін сайлау күні барлық жағдай жасалады. Комиссия мүшелері үйлеріне барып, дауыстарын тіркейді. Ал Бәйдібек ауданындағы ең жасы үлкен сайлаушы 107 жастағы кейуана да бұл күні өз таңдауын жасамақ.