Цифрландыру саласы елімізде жүзеге асырылып жатқан басты стратегиялық жоспар саналады. Сондықтан да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында цифрландыру ісі елде тұрған басты мақсат екенін қадап айтқан еді. Осы орайда Үкімет те Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындауға білек сыбана кірісті.
Түркістан облысының Цифрланландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы мен отандық танымал Kcell компаниясының арасында түзелген меморандум аясында Сарыағаш, Созақ, Сайрам, Сауран, Қазығұрт аудандарындағы шалғай орналасқан елді мекендерге базалық станция орнатылды. Нәтижесінде ауыл тұрғындары сапалы, жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізді. Жоғарыда аталған аудандардағы елді мекендер тізімі: Қызылдала, Еңбекшідихан, Қожақорған, Еңбекші, Ақбұлақ, Зортобе және Теке. Бұл ауыл тұрғындары енді жылдам интернеттің игілігін көре алады.
Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Е.Өтебаевтің айтуынша, Түркістан облысы аумағында 838 ауылдық елді мекен бар. Аудан, қала әкімдіктерінің талдау және анализдеу ақпараты нәтижелері бойынша 642 елді мекендегі 1 753 012 тұрғын сапалы интернетпен қамтылған, бұл – жалпы облыстың 73,7 пайызы. Онда 441129 оқушы 3G және 4G мобильді желісімен қамтамасыз етілген, 123 ауылдық елді мекенде 63 мыңға жуық оқушы 2G мобильді желісімен қамтамасыз етілген.
«250+» жобасы аясында 2020-2021 жылдары 129 елді мекенде мобильдік интернет сапасы артқан. МЖӘ жобасы аясында 376 елді мекен талшықты-оптикалық интернетпен қамтамасыз етілді. Қазақстанда алғаш рет Түркістан өңірінде «Қазақтелеком» және «Транстелеком» акционерлік қоғамдары тарапынан мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы бойынша ауылдарда талшықты-оптикасын пайдалану іске асырылды. 2021 жылы 82 ауылдық елді мекенді интернетке ауа арқылы радиомост технологиясымен қосты. Қазір осы 82 ауылдық елді-мекен тұрғындары, ол дегеніміз 6000-ға жуық жеке тұрғын үй жоғары жылдамдықты интернет пайдалануда.