Түркістан облыcтық клиникалық ауруханасының нейрохирургиялық бөлімшесінде мастер-класс ұйымдастырылды. Ол мастер-класс астаналық профессор, нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Серік Дүйсенбінің қатысуымен өтті.
Бірінші науқаста оң жақтағы тригеминальды невралгия болды. Оған оң жақтағы тригеминальды жүйке тамырының микроваскулярлық декомпрессиясы отасы жасалды. Екінші науқаста церебральды оң жақ гемисфераның менингиомасы диагнозы болған. Ол науқасқа оң жақтағы церебральды менингиоманы микрохирургиялық алып тастау отасы жасалды. Үшінші науқаста сол жақта желке бөлігінің артериовенозды ақауы болды. Оған мидың желке бөлігінің АВМ микрохирургиялық кесілуі отасы жүргізілді.
Айта кетейік, Түркістан облысының Облыстық клиникалық ауруханасы еліміз бойынша үздік атанып, жоғары бағаға ие болған мекеме. Аурухана облыс тұрғындарына мамандандырылған және жоғары мамандандырылған көмек көрсететін өңірдегі жетекші медициналық орталық болып табылады. Мұнда барлық операциялар МӘМС шеңберінде жүргізілді. Операциядан кейінгі кезеңде науқастардың жағдайы жақсы.
Үздік мекемеде 2013 жылы нейрохирургия бөлімшесі ашылған. Мұнда жоғары дәрежелі білікті нейрохирург дәрігерлер ми және жұлын ісігі, омыртқаралық ісік, омыртқа остеохондрозы, гематомалар, абсцесс және мидың эмпиемасы, туннель синдромы, интракраниальды қан кетулер, геморрагиялық инсульт, ишемиялық инсульт секілді ауруларды емдеп келеді. Мұнда омыртқа жарақаттарынан кейінгі реконструктивті оталар да жасалады. Жарамсыз болып қалған омыртқа сүйектерін металл конструкциялармен алмастырып нығайтады. Өткен жылы аурухана базасында хирургияның бір бағытты — ауырсыну синдромын емдеу қолға алынған. Осының арқасында науқастар өзге қалаларға, шетелге ем іздеп сабылмайтын болды.
Ауруханада сонымен қатар науқасқа зиян келмейтін лапороскопиялық тәсілмен күрделі урологиялық оталар да жасалады. Және мұнда озық ангиографиялық кешеннің пайда болуымен дәрігерлер командасы құрылып, МӘМС жүйесінде жоғары технологиялық медициналық көмек аясында құрсақ қолқасының аневризмасын эндопротездеуі отасы енгізілген болатын.
Жалпы Түркістан облыстық клиникалық аурухана кез келген науқасқа толыққанды көмек көрсетуге қабілетті. Орталық әлемнің дамыған елдерінде жасалған озық үлгідегі медициналық құрылғылармен жабдықталған.