Республикалық қоғамдық штаб мүшелері Ордабасы ауданындағы индустриялдық аймағының кәсіпкерлері мен «GREEN TECHNOLOGY INDUSTRIES» ЖШС қызметкерлерімен кездесті.
Аталған зауыттағы басқосуға Асқар Мырзахметов, Әлімжан Құртаев, Абилхас Хамедов, Тұрысбеков Мағауия, Усенбаев Ержан және аудандық жергілікті штаб мүшелері қатысты.
Мұнда полиэтилентерефталатты (ПЭТ бөтелкелерді) қайта өңдеу және штапельді талшықтарды өндіру зауыты жұмыс істейді. ПЭТ қалдықтарын өңдейтін өндіріс орнында 350-ге жуық қызметкер еңбек етеді.
Республикалық штаб мүшесі Асқар Исабекұлы штаб ұжымға Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын таныстырып, елімізде еңбек адамдарына ерекше жағдай жасалып жатқанын тілге тиек етті. Былтыр Қазақстанда 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы қабылданғанын атап өтті. Осы құжаттың негізінде 2030 жылға қарай зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер санын және өндірістегі жазатайым оқиғалар салдарынан зардап шеккендер санын азайтып, еңбек заңнамасының сақталуын тексеру нәтижелері бойынша анықталған заңбұзушылықтардың жалпы санын 15 пайызға дейін төмендету жоспарланып отыр.Түптеп келгенде, мұның бәрі қарапайым жұмысшылардың өмір қауіпсіздігі мен еңбекте жұмыс жасауы үшін жасалған жағдай.
«Кәсіпкерлікті дамыту шағын бизнесті сапалы дамытуға және орта бизнесті ірілендіруге бағытталатын болады. Басты мақсат халықтың жұмыспен қамтылуын арттыру және кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдай жасау. Сондай ақ, еңбек адамының мәртебесі көтеріледі. Оларды жан-жақты насихаттау қолға алынады», — деді Әлімжан Сейтжанұлы.
Жиын соңында барша азаматтарды 20 қараша күні маңызды саяси оқиғадан тыс қалмауға, дұрыс таңдау жасауға шақырды.