Түркістанда Жергілікті полиция қызметінің табиғатты қорғау тобының полицейлері браконьерлікті анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Нәтижесінде 33 экологиялық қылмысты тіркеді. Оның ішінде 15 істі сотқа жіберді. Мобильдік топ «Браконьер», «Уылдырық» және басқа да жедел-профилактикалық іс-шаралар шеңберінде әрекет етті. Ерекше қорғалатын табиғи аймақтарды қамти отырып, рейд жүргізді.
Жыл басынан бері заңсыз балық аулау дерегі бойынша 18 қылмыс тіркеліп, балық аулау ережелерін бұзған 457 азамат анықталды. Оның ішінде 431 бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. 7,5 миллион теңгеден астам айыппұл өндірілді. Тыйым салынған құралдарды пайдалана отырып, заңсыз балық аулағаны үшін 26 азаматқа материалдар сотқа жолданды. Браконьерлерден 3 тоннаға жуық заңсыз ауланған балық, 36 жүзу құралы, 4 қайық қозғалтқышы мен 44 түрлі балық аулау құралдары тәркіленді. Заңсыз аң аулаудың алдын алу бойынша тұрғындардан тіркелмеген 21 аңшы қаруы тәркіленді. Аң аулау ережелерін бұзған 100-ден астам азамат анықталып, оның ішінде 48 адамға айыппұл салынды. Ал 53 құқық бұзушыға ескерту шарасы қолданылды.Аталған кезеңде табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері ағаштар мен бұталарды заңсыз кесудің 3 жайтын анықтап, сотқа жолдады.
6,2 текше метр жиналған ағаш түрлері тәркіленді. Жасыл желектерді күтіп ұстау мен қорғау ережелерін бұзудың 60 дерегі анықталды. Сондай-ақ тәртіп сақшылары сексеуілді және басқа да ағаштарды заңсыз кесудің алдын алу мақсатында, облыстық орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының қызметкерлерімен бірлескен рейдтерді жалғастыруда.Одан басқа облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Жер қатынастары және кәсіпкерлік басқармаларымен бірлесіп, мобильдік топтар құрылды. Нәтижесінде жыл басынан бері табиғатты қорғау полициясының инспекторлары 86 құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 73 жайт шығынды өндіру үшін Экология департаментіне жіберілді. Тәртіп сақшылары азаматтарды табиғатты қорғауға шақырады. Заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылғанын ескертеді.