2021 жылы бекітілген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының бір бағыты ел азаматтарын тұрғын үймен қамту және коммуналдық шаруашылықты дамыту жұмыстарына арналған.
Бас жоспарға сәйкес, мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу үшін бюджеттік несие беру, 16 мың шақырым ауызсу, су бұру желілерін жүргізу және жөндеу, 46 су құбыры желісін, коммуналдық сектордың 7700 шақырым желісін, 785 шақырым ирригация желілерін қайта жөндеу жұмыстары қарастырылған. Нәтижесінде, 2025 жылға қарай ел тұрғындары толық ауызсумен қамтылып, инженерлік желілердің тозуы 12 пайызға дейін төмендемек.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы да ауылдарда 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделіп, үш жарым мыңнан астам елді мекеннің инфрақұрылымы жақсарады. «Жайлы тұрғын үй» бағыты шеңберінде белгілі санаттарға жататын 180 мыңнан астам адамның жалға алған тұрғын үйіне кететін шығысын субсидиялау, жүз мыңнан астам әлеуметтік жалға берілетін және кредиттік, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салу, сонымен қатар, өз қызметкерлері үшін ауылдық жерден үй салған жұмыс берушілердің шығындарын жабу жұмыстары жүргізіледі. 103 млн. шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, жеке құрылыс бастайтын тұрғындардың 235 мың жер телімі инфрақұрылыммен қамтылады.
Бұл бағытта Түркістан өңірінде бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасынан алынған мәліметтерге зер салсақ, Ұлттық жоба іске қосылғаннан бастап Түркістан қаласының өзінде «Отбасы банкі» арқылы 883 пәтердің конкурсы өткізілген. Ал, «7-20-25» бағдарламасы аясында конкурс нәтижесі бойынша 474 отбасыға тұрғын үй сатылып алынған. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үйді жалдау ақысының бір бөлігін субсидиялау бойынша жергілікті бюджеттен қажетті қаражатты қарастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазір облыс бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алуға 47 402 адам кезекте тұр екен. Оның 12 040-ы көпбалалы отбасылар болса, 21 478-і әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар қатарына жататындар, 12 124-і бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 1 656-сы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және 92-сі баспанасы апаттық жағдайда деп танылған отбасылар. Жалпы, Түркістан облысы құрылғалы бері 3 800 отбасы коммуналдық тұрғын үй қоры арқылы баспанамен қамтылған. Оның 1279-ы көпбалалы отбасылар болса, 2,5 мыңнан астамы кезек ретімен баспана алған әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтар.
Ал, коммуналдық шаруашылық саласына тоқталар болсақ, арнайы бағдарлама аясында облыс аумағында 351 дана жалпыүйлік жылу есептегіш құралдары, 14 дана су есептегіш құралдары, 17 857 жеке импульсті электр энергиясының ресурстарын тұтынуды есептейтін құралдар орнатылған. Сонымен қатар, көшелерге жарықтандыруды қосудың механикалық таймері функциясымен жабдықталған 21 760 шам, 1493 дана күн сәулесінен қуат алатын жарық құрылғылары қойылған.