Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауында алдағы реформалардың бағытын бес бағдар бойынша айқындап берді. Елімізде қоғамның барлық саласын жаңғырту осы ұстанымдар арқылы жалғасын табатын болады.- Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс, — деп атап өтті Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Осы орайда, Түркістан қаласында аталған бес бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың бір парасына тоқталсақ. Алдымен Түркістан қаласының 22,4 мың гектар аумақты алып жатқанын айталық. 2022 жылдың 1 тамыз айында алынған есеп бойынша айтар болсақ, қалада халық саны 194 774 адамды құрады. Бұл көрсеткіштің өткен жылдың осы кезеңмен салыстырғанда, 5,6 пайызға артқаны байқалады.
Өткен жылы қаладағы өнеркәсіп саласы бойынша өндірілген өнім көлемі 14,8 млрд. теңгені құраған болатын. Ал, биылғы жылдың 9 айында өнеркәсіп саласы бойынша өндірілген өнім көлемі 15,4 млрд. теңгені құрап, бұл көрсеткіштің былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,8 пайызға артқаны байқалады.
Мемлекет басшысы Жолдауында «Жалпы, инвестиция тарту жұмысын жүйелі жүргізу керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндеттің бірі», — деп атап өтті. Сондықтан, реті келгенде Түркістан қаласында тартылған инвестициялар жайлы да айта кетейік. Ағымдағы жылы Түркістан қаласына 179,1 млрд. теңге инвестиция келуі жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда соның нақты орындалуы 192,1 млрд.теңгені құрады. Бұл пайыздық көрсеткіштен айтатын болсақ, көзделген жоспар 7,3 пайызға артығымен орындалды. Бұдан бөлек, қалада 2019-2023 жылдар аралығында 95 инвестициялық жобаны іске асыру мақсат етілген-ді. Соның нәтижесінде қалаға 761 млрд. теңге көлемінде инвестиция келеді деп күтілуде. Биылғы жылы шетел инвесторлары есебінен 7 жоба жүзеге асырылып, шетел инвесторларынан 6,2 млрд. теңге көлемінде қаржы түсті. 278 жаңа жұмыс орны ашылды.
«TURKESTAN» индустриялды аймағы қолданыстағы 350 га аумақты алып жатыр. Қазір бұл жер инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуде. Жалпы айтар болсақ, мұнда 13,1 млрд. теңге қаржы тартылып, 1330 жұмыс орыны ашылды. Алдағы уақытта тағы да 27 кәсіпорын іске қосу жоспарланып отыр. Статистикалық көрсеткіштерге сүйенер болсақ, мұнда 2016-2022 жылдар аралығында 8,6 млрд. теңгені құрайтын 19 жоба іске қосылды, қосымша 857 жаңа жұмыс орны ашылды.
Ағымдағы 2022 жылы 900 миллион теңгені құрайтын 3 кәсіпорын іске қосылады деп күтілуде. Олар: «Асфальт бетон» зауыты, «Газоблок» зауыты және «Газобетон» зауыты. Аталған кәсіпорындар іске қосылатын болса, қалада қосымша 54 жаңа жұмыс орыны ашылатын болады.