Бүгін Түркістан қаласында Мәуліт мерекесіне орай «Шапағатшым бір өзіңсің, Мұхаммед с.а.у» атты салтанатты іс-шара өтті. Іс-шарада ҚМДБ жанындағы «Зекет» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 6 мұқтаж отбасына баспана кілті табысталды.
Рухани кеш Пайғамбар (с.а.у) рухына Құран бағыштаудан басталып, айтыскер ақын Бекарыс Шойбеков мерекеге орай арнау айтып, еліміздің эстрада жұлдыздары Айдар Тұрғанбекұлы, Бақытжан Мұстафаев әннен шашу шашты. Сондай-ақ қаладағы Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театрының әртістері сахабалар дәуірі мен олардың өнегелі өмірінен және ата-ананың қадірі турасында қойылым сахналап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.
Түркістан қаласы имамдарының ұйымдастыруымен өткен рухани кешке қаланың бас имамы Мұхамеджан Ергешбайұлы, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Асылбекұлы, қалалық мәслихат депутаттары Ғалымжан Батырханұлы мен Ардақ Үсенұлы, Аналар алқасының төрайымы Ұлжан Әбенқызы, қалалық саяси кеңестің мүшесі Бақдәулет Тұрманов және қала тұрғындары қатысты. Шараға қатысушылар Мәуліт мерекесімен құттықтап, игі іске мұрындық болып отырған жандарға алғыстарын жеткізді. Кештің басты ұйымдастырушысы Түркістан қаласының бас имамы Мухамеджан Ергешбайұлы алдағы уақытта мұндай игі бастамалар өз жалғасын табатынын жеткізді.
Бұдан бөлек, жыл басынан бері «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында 4 мұқтаж отбасы баспаналы болған. Жыл соңына дейін тағы бір отбасына пәтер кілтін табыстау жоспарлануда.
Еске салсақ, былғы Қасиетті Рамазан айы — Ораза кезінде еліміздегі 15 мұқтаж отбасы баспаналы болған.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарламасына сәйкес, «Зекет және қайырымдылық» қоры биылғы Рамазан айында жомарт жандардың қолдауымен бірқатар қайырымды іс-шара атқарған. Қор және өкілдіктердің ұйымдастыруымен Рамазан айында 6 476 қайырымдылық іс-шарасы атқарылса, «Қолдан – қолға» жобасы аясында 4 865 адамға қаржылай зекет беріліп, біраз адам ізгі іске себепкер болған. Жалпы барлық жоба бойынша бір ай ішінде 1 015 610 адамға қайырымдылық көмек көрсетілген.
Ал «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық акциясы бойынша 15 мұқтаж отбасыға 15 үйдің кілті берілген.
Науқас жандарды, атап айтқанда ауыр сырқатқа шалдыққан сәбилерді қолдау мақсатында «Өмірге үміт сыйла» және «Үміт сыйла сәбиге» қайырымдылық акциялары аясында өтініш білдірген 2 102 адам еміне көмек алды.
Бұдан бөлек әлеуметтік желілерде жарияланған бір көзін зақымдап алған 9 жасар Диана есімді бүлдіршіннің өтініші ескеріліп, оған Түркия мемлекетінде ота жасауға қаржылай көмек тағайындалған. Сонымен қатар Мүмкіндігі шектеулі он бір балаға қолданысына қажетті заттар сатып алып берілсе, Зағиптар қоғамының өтініші бойынша «шоудаун» теннис үстеліне де көмек көрсетілді — Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми сайтында жүйелі түрде жарияланып отырған қайырымдылық шараларының есебіне негізделген.