Мақта өсіретін өңір үшін инвестиция тарту арқылы ашылатын кәсіпорындар көптеп керек. Өйткені, мақтааралдықтар ақ алтынын шикізат күйінде емес, дайын өнім күйінде еліміздің басқа өңірлеріне, шетелге сата алса – тұрғындар табысын еселей алады. Бүгінде Қазақстан мен Түркия елдерінің бірлесіп ашқан «Tulpar May» ЖШС-нің арқасында жылына 2,9 мың тонна мақта майы, 14 мың тонна шрот өндіріледі. Көкарал елдімекеніндегі өндіріс ошағына тартылған жалпы инвестиция көлемі 2,1 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорынның аумағы 0,27 гектарды құрайды. Зауытта 50-ге жуық адам жұмысқа қабылданған. Жылына 10 мың тонна мақтаны өңдеуге қауқарлы. Мақта майын шығаратын зауыттан бөлек, Түркия мемлекетімен бірге жіп иіретін текстиль фабрикасын іске қосу да жоспарланып отыр.
Айта кетейік, 2021-2024 жылдары Мақтаарал ауданында шетелден тікелей инвестиция тарту бағытында жалпы көлемі 10,8 миллиард теңгені құрайтын 5 ірі жоба іске асырылуда.
Бұдан өзге Мақтааралда «Huayi International Cotton Co» ЖШС-ң мақта талшығын өндіру зауыты, «EL-KZ 2020» ЖШС бетон өнімдерін өндіру зауыты және «Мырзашөл құс» ЖШС құс фабрикасы биылғы жылы іске қосылды. Аталған кәсіпорындарда 267 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, іске асты.
«Өткен жылы аудан аумағында «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» аясында қоғамдық жұмыс орындарына 2 319 адам, жастар практикасы жобасына 604 адам, әлеуметтік жұмыс 830 орындарына адам орналасты. Оның ішінде 980 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Өңірдің 563 тұрғыны жаңа идеяларды іске асыруға арналған грантты жеңіп алып, кәсіпкерлік негізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған»- дейді сала жауаптылары.
Биыл кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жоба аясында аудандағы 40 отбасыға тиесілі жерлерге жылыжай ұйымдастыру жоспарлануда. Пилоттық жобаның нәтижесінде әр отбасыдан кемінде 2 жан жұмыспен қамтылып, жалпы 80 адамды жұмыспен қамту көзделуде. Қазір бизнес-жоспарлар әзірленіп, ниет білдіруші азаматтардың тізімі жинақталуда.