Қазіргі таңда Сауран ауданының негізгі бағыттарының бірі – кәсіпкерлік және туризм саласы болып табылады. Әр қаланың, ауылдың, кез-келген елді-мекеннің тіршілік көзі орта және шағын бизнеске негізделген. Соның арқасында тұрғындар тұрақты табыс тауып, жаңа жұмыс орындары ашылуда.
Кәсіпкерлік және туризм саласында жетістіктер жоқ емес. Алайда, атқарылатын жұмыстар одан да ауқымды.
Өңірдің экономикалық дамуын анықтайтын басты өнеркәсіп саласында 2022 жылдың қаңтар-маусым айында 3 млрд 628,6 млн. теңгенiң өнімі өндіріліп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 83,5% құраса, өнеркәсіптің басымды саласы өндеу өнеркәсібінде 2 млрд 398,7 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 74,1 пайызға жеткен.
Басты мақсат – кәсіпкерлікті қолдау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында диверсификация мен технологияға негізделген экономика құру жай қажеттілік қана емес, бұдан басқа дамудың жолы жоқ екенін атап өтті.
Үдемелі индустриялық –инновациялық даму бағдарламасы аясында «Өңірлер кәсіпкерлігін қолдау картасына» құны 9422,0 млн теңгені құрайтын 5 жоба енгiзiлген. Осы кәсіпорындарда 218 жұмыс орнын ашу көзделген. Осыдан 2010-2021 жылдар аралығында құны 889,0 млн. теңгенi құрайтын 4 жоба iске қосылып, 164 жұмыс орны ашылды. Өндiрiлген өнiм көлемi 121,0 млн. теңгені құрап, жалпы өнеркәсiп өнiм көлемiндегi үлесi 3,3 пайызды құрады.
Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді.Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы ауданымыздағы шағын және орта кәсiпкерлiкпен айналысатын 5196 субъектінің 5136-ы белсендi жұмыс істеп, 98,8%-ды құрады.
Сауран ауданында жеңіл өнеркәсіп саласы қарқынды дамып келеді. Оның ішінде жиһаз өнімдерін шығаратын цехтардың қатары артып, бүгінде аудан тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты Жолдауында кәсібилік пен еңбекқорлық қасиетке ие адамдар құрметке лайық болуы тиіс екендігін айтып, оларға қолдау білдірген болатын. Осы орайда, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму үдерісіне үлес қосып жүрген ауыл азаматтарының шағын және орта бизнеспен айналысуына көптеген мүмкіндіктер қарастырылған.
Аудандағы «SEM BRAND» жиһаз цехы биыл іске қосылған. Заманауи технологиямен қамтамасыз етілген кәсіпорынның аумағы 3000 шаршы метрді құрайды. Жылына 80 мың орындық және 15 мың үстел өндіреді. Цех директоры Бабыр Шереханұлы ауданның 150 азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Айтуынша, кәсіпорынды кеңейтіп мамандар санын 300-ге дейін арттыру жоспарда бар. Саурандық ұжымның өнімдері көрші Қырғызстан еліне экспортталады. Болашақта Түркия, Қытай және Ресей елдерімен қарым-қатынас орнату көзделуде. Атап өтерлік, кәсіпорын биыл тамыз айында Түркістан қаласында өткен «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қатысты. 80-нен астам тауар өндірушілердің арасынан “Халыққа арналған үздік тауарлар” номинациясы бойынша жеңімпаз атанған.