Сарыағаш ауданы аумағында жылыжайлар тоқсаныншы жылдары тек үйіргелік жерлерге салынатын. 2006 жылдан бастап шаруа қожалықтары үлкен жылыжайлар салып, мол өнім ала бастады. Жылыжайлардың көбеюі 2010-2011 жылдарға тұспа-тұс келеді. Осы жылдары мемлекет тарапынан берілген көмек есебінен ауданда жылыжайлар саны күрт көбейді.
Жылыжайлар әсіресе, Қапланбек, Құркелес, Жібек жолы, Жартытөбе ауылдық округтерінде көптеп салынды. Сарыағаш ауданында қазіргі таңда заманауи автоматтандырылған үш өндірістік жылыжай бар. Соның бірі Жібек жолындағы «AgroTur» шаруа қожалығы. Жер көлемі 2 гектарды құрайды. Сондай-ақ, Құркелес ауылында «Al-maida Saray Sakhiy» ЖШС-нің жер көлемі 3,5 гектар және «Абдураман» шаруа қожалығының 7,2 гектар жылыжайы бар. Қапланбек ауылдық округіндегі «Жабай ата» шаруа қожалығының 19 гектар жылыжайы да береке дарыған ұжым болып тұр. Қазіргі таңда Түркістан облысында барлығы 1240,9 гектар жылыжай болса, оның 674 гектары, яғни 54,3 пайызы Сарыағаш ауданында орналасқан. Аудан аумағында жабық жерде ерте пісетін көкөністерден 130 мың тоннаға дейін өнім алынған.
Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында Қазақстан халқының әл-ауқатын барынша көтеру жайы да айтылған еді. Жолдауға сай Түркістан облысында ауылшаруашылығы саласына үлкен қолдау көрсетілуде. Бүгінгі таңда өнеркәсіптік жылыжай саласында қолданылып жатқан алдыңғы қатарлы әлемдік технологиялар, саланың дамуына түрткі болатын жаңа мүмкіндіктер және инвестициялық жобаларды мемлекеттік қолдау шаралары да қарқын алған.
Иә, жылыжай шаруашылығы Сарығаш ауданында жылдан жылға көбейіп, жалпы көлемі бойынша да, алынған өнімі бойынша да елімізде көш ілгері тұрған сала. Бұл бір жағынан аудан экономикасына да оң ықпал етіп отырғаны жайы бар.Сондай-ақ ауданда жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша шеберлік сабақтары өтіп тұрады. Онда мамандар жабық топырақта қызанақ, қияр, бау- бақша өнімдерін қалай молынан алуға болатынын және жылыжайды қалай салуды, материал, тұқым, тыңайтқыштар таңдағанда не нәрсеге назар аудару қажеттігін үйретеді.
Айта кетейік, облыста жылыжай көлемі өткен жылы 212 гектарға артып, жалпы 1 335 гектарға жетті. Жылыжайлардан алынған өнім негізінен Қазақстанның солтүстік аймақтары мен Ресей Федерациясының көптеген қалаларының көкөніске деген мұқтажын қамтамасыз етіп отыр.