Төлеби ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен 2022 жылдың 9 қараша күні Төлеби ауданы, Көксәйек ауылдық округіндегі Түркістан көпсалалы – техникалық колледжінің спорт залында «Төлеби ауданының 90 жылдығына орай» колледж студенттері арасында волейболдан ұлдар мен қыздар арасында аудан біріншілігі өтті.
Жарысты Түркістан көпсалалы — техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жолшыбеков Беккали Нурсейтұлы ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіліді.
Аталған жарысқа «Мейір-Бейс» жоғары колледжі, Түркістан көпсалалы — техникалық колледжі, №8 колледжінің студенттерінен құралған 6 команда қатысты, жалпы 60 жуық спортшылар қатысты.
Тартысты әрі қызықты өткен дүбірлі додада жалпы командалық есепте I орынды Түркістан көпсалалы — техникалық колледжі жеңіп алса, «Мейір-Бейс» жоғары колледжі II орынға тұрақтады. Ал, №8 колледжі III орынды иеленді.
Жарыста марапаттау салтанатын Төлеби ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Қалықұл Әлиасқар және Түркістан көпсалалы — техникалық колледжінің дене тәрбиесі әдістемелік бірлестігінің жетекшісі Ережепов Марат жарыс жеңімапаздары мен жүлдегерлерді марапаттады.
— Облыс аумағында мемлекеттік жекешілік әріптестік аясында жаңа спорт кешендері көптеп салынуда. Осы арқылы спорттық инфрақұрылымдар дамып келеді. Спортшыларға қарап өскелең ұрпақ үлгі алып, болашақта ел чемпиондарына ұқсағылары келеді. Әсіресе, ер бала үшін бұл өте маңызды. Жастардың бос уақыты болмау керек. Осы жолда оларға мүмкіндік жасау керек, – деді сала мамандары.Бүгінде Төлеби ауданында 364 спорт нысаны жұмыс істейді. Онда 35 мыңнан астам адам шынығады.
Айта кетейік, Төлеби ауданында жыл сайын дене шынықтыру және спорт саласының материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Жуырда Бірінші мамыр ауылдық округіне қарасты Бейнеткеш ауылынан жеке кәсіпкер Бағила Әшірбаеваның демеушілігімен «Бәйтерек» атты төбесі жабылған мини футбол алаңшасы ашылды. Ал, таяуда Қасқасу ауылынан жеке кәсіпкер М.Қозыбақовтың демеушілігімен құны 150 млн. теңгелік спорттық сауықтыру кешенінің тұсауы кесілмек.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысының айтуынша, спорт саласында Төлеби ауданы аймақтар арасында көш бастап тұр.