Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты «№28 мектеп-лицей» оқушылары Түркия Республикасының Анталья қаласында өткен
XIV Халықаралық Олимпиададан жеңіспен оралды.
Жеңімпаздарды Түркістан әуежайында ата-аналар мен мектеп ұжымы сән-салтанатымен күтіп алып, құрмет көрсетті.
«XIV INTERNATIONAL OLYMPIAD IN ANTALYA» деп аталатын халықаралық олимпиада 2009 жылдан бері мектеп оқушыларының арасында ағылшын, математика, география, орыс тілі пәндерінен өтіп келе жатқан білім сайысы. Доданың басты мақсаты үздік оқушы мен шынайы дарын иелерін тану және табысқа жету жолына серпін беру. Осы жылы қатысушылар саны да айтарлықтай көп болған.
Шаһардағы №28 мектеп-лицейінің директоры Ләззат Нысанкұлова мен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Абайқызының жетекшілігімен барған оқушыларымыз өздерінің шын жүйрік екендіктерін көрсете білді. Байқау қорытындысы бойынша 6-сынып оқушылары Сымбат Смайлова мен Альтайыр Нариманов орыс тілі пәні бойынша жүлделі 1 және 3-орындарды жеңіп алып, жеңіс тұғырынан көрінді. Ағылшын тілі пәні бойынша 6-сынып оқушысы Жанасыл Жандосұлы 2-орынды қанжығасына байлады. Жүзден жүйрік шыққан 9-сынып оқушысы Абдуәлім Даулеталин «Мистер Олимпиада» номинациясына ие болды. Ал, география пәнінен командалық жарыста 28 мектеп-лицейінің оқушылары жүлделі 1 орынды жеңіп алды.
Халықаралық жарысқа 5 мемлекеттен, 56 мектеп қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Сонымен қатар осы білім жарысын ұйымдастырушы тараппен ара байланысты нығайту мақсатында Ләззат Жаналықызы арнайы меморондумға отырғанын жеткізді.
Айта кетейік бүгінгі таңда Ләззат Жаналқызы басқаратын білім ордасында 1500-ге жуық оқушы бар. Мектеп алдыңғы оқу жылында қала бойынша айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Білім ошағында облыста ғана емес, тіпті республикада үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүрген кіл мықты ұстаздар жиналған. Олардың шәкірттері де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуде.