Түлкібас ауданында тағы бір рухани іс-шара өтті. Аудан орталығының кіреберісінде «Ұлы дала қырандары» атты аллея ашылды. Шілменбет бабаға арналған монументтің биіктігі 23 метр. Жер астына екі метр тереңдікке созылған. Мұнара басында таға таңбасы бейнеленген. Мәрмар тастан қаланған зәулім ескерткіш алыстан көз тартады. Мұнараның құрлысына 100 млн теңге кеткен. Қаржыны баба ұрпақтары жинаған.
Мұнараның ашылу салтанатына бұл күндері саусақпен санарлық соғыс ардагері Мұратәлі Төлепберген қария арнайы келіпті. 98 ге келген ақсақал келешек ұрпаққа жасалған рухани дүниеге оң бағасын берді.
Бұл нысан тарихи тұлғаларға арналған орын болмақ. Тұрар Рысқұловтың ескерткішінің айналасында Балуаншолақ баба мен Шерхан Мұртазаның бюсттерін орнату жоспарланған. Өткенін танымаған елдің болашағы бұлыңғыр. Бабаға тағзым өнегелі іс –дейді белгілі ғалым Оразалы Сәбден.
Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін балалар рухына құран бағышталып ас берілді. Осылайша Түлкібас ауданында тағы бір өнегелі іс атқарылды.
Есте болса Республика күні қарсаңында Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт бастаған аудан тұрғындары мен зиялылары және ерікті жастары «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізінің бойындағы жаңадан бой көтеріп жатқан «Ұлы дала қырандары» аллеясында бас қосып, 300 дана қылқан жапырақты ағаштардың көшеттерін отырғызды. Кейінгі жастарға үлгі боларлықтай іске ұйытқы болған жандарға аудан ақсақалдары ризашылықтарын білдіріп, баталарын берген еді.Жалпы 2 гектар аумақты алатын демалыс орнына жолаушылардың демалып, сергіп алуы үшін барлық жағдайлар жасалған. Бүгінгі таңда Түлкібас ауданының тумалары ауыл көркін ажарландыра түсетін нысанды көтеруге өзара 150 млн. теңге қаржы жинап, құрылыс жұмыстарын іске асыруда.