Отырар ауданында ҚР спорт саласының майталманы, белігілі бапкер, ауданның құрметті азаматы Жонарбек Қаныбекұлының жүлдесіне арналған самбо күресінен Республикалық турнир өтті. Байрақты бәсеке 2007-2009, 2010-2012 жылы туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында және ересектер арасында «Түйе балуан» сайысы өтті. Дүбірлі додаға еліміздің түкпір түкіпірінен және алыс жақын көрші елдерден 420 спортшы қатысты.
«2022 жыл — Балалар жылы аясында» ҚР спортына сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісі, «ҚР оқу ісінің үздігі» төсбелгісінің иегереі, Отырар ауданының құрметті азаматы» Жонарбек Қаныбекұлының жүлдесіне арналған спорттық сайыс бастауын алды. Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған Республикалық турнирге еліміздің барлық өңірінен 18 команда және 420 балуан қатысуда. Шараны Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов салтанатты түрде ашып, күресшілерге сәттілік тіледі.
Жонарбек Қаныбекұлы жүздеген спортшы тәрбиелеп өсірген, белгілі бапкер. Бүгінде ел намысын қорғап жүрген қаншама таланттар осы бапкердің тәрбиесін көріп өскен. Ауданның спорт саласын елімізге танымал еткен, қаншама балуанды өсірген білікті ұстаз-бапкер, спорт саласының жетекшісі Жонарбек Қаныбекұлы осы турнирді ұйымдастыруға атсалысқан ағайын туыс бауырларға, шәкірттеріне алғысын айтып, жарысқа қатысушы балуандарға жеңіс тіледі.
Республикалық сынға қатысушылардың арасында Атырау қаласының намысын қорғап келген Еркенұр Қуат та бар. 9 жасынан бастап осы спорт түрімен айналысып жүрген жасөспірім бүгінгі сайыстың оңайға соқпағанын айтады. Десе де барын салып 41 келі салмақта қарсылас шақ келтірмей жеңімпаз атанды.
Дүбірлі дода Түйе балуандардың сайысына ұласты. Турнирге бақ сынауға келген спортшылардың арасында әлемдік додаларда өнер көрсетіп жүрген, көк туды әлемдік ареналарда желбіреткен жауырыны жерге тимеген балуандар бар. Әлем және Азия чемпиондарының белдесуі өте тартысты өтті. Нәтижесінде Түркістан облысының балуаны Бейбарыс Әбдіғани қола жүлдеге ие болды. Ал Шымкенттік Байкануров Марат 2 орынға тұрақтады. Бас жүлдені Отырар ауданының тумасы Бақытжан Қаныбек қанжығасына байлады. Жауырыны жерге тимеген балуанға демеушілер темір тұлпардың кілтін табыстады. Бұқаралық спортты дамытуға зор үлес қосатын осындай ауқымды сайыстар алдағы уақытта да жалғасын табады дейді ұйымдастырушылар.
2000