Отан қорғау — ердің ісі! Түркістан облыстық Қорғаныс департаментінің қызметкерлері әскер қатарын толықтыру мен сарбаз болғысы келетіндерді ынталандыру үшін үгіт-насихат жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Олар мектептерге барып оқушылармен ашық сабақтар өткізуде. Келесі шара барасында Департамент өкілдері әскерден оралғандарды күтіп алу шарасын ұйымдастырды.
Қорғаныс департаментінің өкілдері бұрынғы жауынгерлерді үнемі үлгі етеді. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарып қазір халықтың алғысын арқалап жүрген ел ағалары. Нұрболат Бейсенов бүгінгі жастарды еліміздің патриоты болуға үндеп жүр.
Алаңсыз балалық шақтың тәтті кезінде «Отан – сенің ата-анаң, Отан – досың, бауырың» деп басталатын жыр шумақтарын тақылдата айтқан боларсыз. Ендеше, сол өлеңнің «Отан» деп өс жас қауым, Оны ардақтап сүйе біл» деп аяқталатыны да есте. Бүлдіршіннің бал тілімен айтылған бұл өлеңнің мән-мағынасын сол кезде түсінбесек те, бүгінде мәніне жеткендейміз. Жадымызда сақталған осы бір өлең жолдары әрбір тұлғаның жүрек түкпірінде Отанға деген махаббат пен сүйіспеншіліктің берік орнауына сеп болды. Ал Отанды қорғау – оны сүйген әрбір ердің парызы.
«Елім деген ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын» демекші, елін сүйген ердің ісі қашанда ел есінде мәңгі сақталады. Бүгінгі бейбіт өміріміз – өз заманында Отан үшін от кешкен оғландардың, олардың туған жер үшін жанқиярлық ерлікке барғанының арқасы. Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, елі үшін жанын пида еткен қайсар халықтың бүгінгі ұрпағы – Отан алдындағы жауапкершілікті толықтай сезінуі тиіс. Бұл үшін қазіргі қоғамда барлық жағдай жасалған. Тіпті, ел қорғандарына арналған күнтізбеде ерекше белгіленген мереке де бар. Ол 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні.
Шынар Әбдімәлікова- Түркістан қаласының тұрғыны. Үш баланың анасы тұңғышы Қазыбекті әскерден күтіп алуға келді. Жүзінде ұлының аман-есен оралғанына және азамат болып ержеткеніне деген қуаныш пен мақтаныш сезімі қатар тұр.
Әскерге бозбала болып аттанған жастар бір жыл ішінде есейгендігі байқалады. Десанттық шабуылдау бөлімінде қызмет еткен сарбаздар -өздеріне сенімді. Болашақтағы жоспары айқын. Олар әскерде үйренген тәжірибесі өз өміріне серік болатынын жақсы біледі. Сондықтан өзінің інілерін де Отан қорғаушылар сапында болуға шақырады.
Жалпы Түркістан облысы демографиялық өсімі жоғары аймақ. Сондықтан әскер қатарына көп шақырту алатын да осы облыстан. Мұның тек жақсы тұстары көп. Мәселен алдағы уақытта запасқа шыққан жауынгерлер университеттерде тегін оқи алатын болды.
Отан қорғау -ердің ісі. Сондықтан ұл таптым деген шаттанған ананың көңілін түсірмеу , тек батыл адамдарға тән қасиет. Ал, Оңтүстіктің ұландары әзірге осы жауапкершілік пен міндетті жоғары ұстап тұр.