Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында жаңа форматта бірнеше мектеп салынады. Сондай-ақ «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 6 жоба іске асып жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданының тұрғындарымен кездесу барысында мәлімдеді. Жиында ол аудан көлемінде атқарылған жұмыс барысын баяндап, жергілікті тұрғындардың сауалдарына жауап берді.
Төлеби ауданының халқымен кездескен облыс әкімі, алдымен ауданды дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Сөзінше, қазір елде «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленуде. Оның шеңберінде Төлебиде бірнеше мектеп жаңа форматта салынады. Атап айтсақ, Ленгір және Бірінші Мамырда – 1500 орындық, Достықта – 900 орындық, Көксәйек пен Қосағашта 600 орындық жаңа білім ордасының кұрылысы жоспарланған. Бұдан өзге ауданда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы да іске асуда.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «2022 жылы 6 елдімекенде 6 жоба іске асырылуда. Атап айтқанда екі елдімекенде электр қуатымен қамтамасыз етуге қаржы бөлінген. Бірінші Мамыр ауылдық округіне спорт алаңшасын ашуға қаржы бағытталған. Құрылысы 2023 жылы тапсырылуға жоспарлануда. Екпінді елді мекенін электр қуатымен қамтамасыз етуге 110 млн. теңге қаралған. Бірінші Мамыр елді мекенінде жаңадан спорт алаңшасын салуға, Момынай елді мекенінде жаңадан мәдениет үйін салуға қаржы қаралды».
Бұдан өзге Төлебиде инженерлік инфрақұрылым жүйесін дамыту мақсатында 19 бюджеттік инвестициялық жоба қолға алынған. Ал аудан халқының 99,8 пайызы тіршілік нәрімен қамтылған. Дегенмен бұл аймақта табиғи газ мәселесі әлі де өзекті. Сондықтан сұрақ-жауап кезеңінде тұрғындар көгілдір отынмен қамту жұмысына қатысты сауалдарын жолдады.
Бүгінде Леңгір қаласында 5 қабатты 20 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жиын барысында облыс әкімі жұмыспен қамту картасы аясында іске асқан жоба туралы да сөз қозғады.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Халықтың табысын арттыру үшін облыстың жұмыспен қамту картасында бекітілген бойынша ауданда 2,5 мың жұмыс орнын ашу жоспарланса, соның 1,5 мыңы ашылды. Әрі қарай аудан әкіміне жұмыс істеу керек. Әрі қарай тағыда мыңға жуық жұмыс орнын ашу керек».
Төлебилік шаруалардың айтуынша таулы аймақта қымыз шаруашылығы дамып келе жатыр. Десе де соңғы екі жылдан бері шөп шығынын азайтуға бөлінетін субсидия тоқтап қалған. Сондықтан тұрғындар өңір басшысынан мемлекеттік қолдау шарасын қайта қосуды сұранды. Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар арасында жол жөндеу жұмысын назарға алуды сұрағандар да болды.
Кездесуден соң, өңір басшысы тұрғындарды жеке қабылдады. Жазылғандардың басым бөлігі жер мәселесін көтерді. Сондай-ақ инфрақұрылым, ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау шарасын көбейтуді сұрағандарда болды.
Тұрғындардың өтініші мен ұсынысын тыңдаған өңір басшысы барлық мәселе заң аясында шешілетінін жеткізді. Сондай-ақ тиісті басқарма басшыларына тұрғындардың проблемасын назардан тыс қалдырмауды тапсырды.