Ордабасы ауданының жұртшылығы дәстүрлі “Алтын күз-2022” ауылшаруашылық еңбеккерлерінің мерекесін атап өтті. Аталған шара аудандағы ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесімен бастау алды. Онда шаруалар мен дихандар, аталған салада жүрген кәсіп иелері жұртшылыққа өз өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ асыл тұқымды төрт түлік өсірушілердің көрмесі де ұйымдастырылды.
Бірлік пен татулық мекені саналатын Ордабасы — өндіріс саласымен қатар ауылшаруашылығы да қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Ауданның ауылшаруашылығы саласындағы кез-келген жетістік бұл, шаруалардың, дихандардың адал әрі тынымсыз еңбегінің және мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың арқасы.Жалпы, 2022 жылдың 9 айында ауданның ауылшаруашылық саласында 53 миллиард 818 млн. теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3 миллиард 446 миллион теңгеге артық.
Ағымдағы жылы аудан көлемінде 68 495 гектарға ауылшаруашылығы дақылдары егіліп, жоспар 104 пайызға орындалды.Жалпы, 68 мың гектардан астам алқапқа егілген ауылшаруашылық дақылдарынан бүгінгі таңда барлығы 245 мың тоннадан астам өнім жиналды. Кейбір өнім түрлері жоспарланғаннан артығымен жиналып, аудан шаруаларының маңдай тер еңбегінің өз жемісін бергенін мақтанышпен айтуға болады.
Ауданда 15,7 гектар жерге жылыжай құрылысы жүргізіліп, жоспар 105 пайызға, тамшылатып суғару 476 гектар жерге ендіріліп, жоспар 112 пайызға орындалып отыр. Сондай-ақ, жаңбырлатып суғару жүйесі де 500 га астам алқапқа ендіріліп, жоспар 111 пайызға орындалды.Егістік жерлерді тиімді пайдалану арқылы 1 алқаптан 2-3 рет өнім алу жобасы да тиімді жүзеге асты. Атап айтар болсақ, 363,7 гектарға 109 шаруа қожалық орналастыру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде бірінші өнімнен – 7 854 тонна, екінші өнімнен 5 698 тонна өнім жиналды.
Ауданда ауылшаруашылық саласының мал шаруашылығы бағытында да өсім байқалады. Оның ішінде төрт түліктің саны артуда.Жыл басынан 7 734 тонна мал мен құс еті, 37 861 тонна сиыр сүті және 10 068 мың дана жұмыртқа өндірілді.