Бүгін Кентау қаласы «Кентау қалалық медициналық колледжі» ғимаратында «Этносаралық келісімді сақтау және әскери міндетті орындау» тақырыбында колледж студенттері мен кездесу өтті.
Кездесуге Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің Кентау қалалық филиалының басшысы Ғ.Тажибаев, қалалық «Өзбек этномәдени қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Х.Абдувалиев, Кентау қаласы қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының орынбасары майор Х.Алиякбаров, Кентау қалалық орталық мешіттің наиб имамы Д.Курбанкулов және студенттер қатысты.
Әрбір өркениеттің, діннің және халықтардың жер бетінде өзіндік орындайтын міндеттері бар. Қазақстанның Түркі мемлекеттері, Еуразиялық экономикалық одақ, Еуропалық одақ аясындағы іргелес елдермен достық қарым-қатынас қалыптастыруы — ел тыныштығының кепілі. Ұлттық тұтастық, ұлттық өркендеу өзінің мағыналық құрылымы бойынша халықтар арасындағы келісімге негізделеді. Осындай өзекті мәселелер алдында Қазақстанның беті ашық, жүзі жарқын деуге әбден болады. Қазақ елінің тағдыры тауқыметке толы болғанмен, ешқашан өзгені өзегінен теппеген.
Этносаралық және конфессияаралық ынтымақтастық, келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау ісіне жіті көңіл бөлініп келеді. Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде ең қымбат қазынасы — адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарына баса мән береді. Қазақ халқы қай заманда да елдікке, соның ішінде ел берекесінің тұрақты болуына үлкен назар аударған. Сондықтан да болар, ел аузында: «Бірлік бар жерде тірлік бар», «Бірліксіз ел тозады, бірлікті ел озады» деген нақыл сөздер қалды. Бұл — бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның басты қағидасына айналды және тәуелсіздіктің негізі.
Кездесу барысында этносаралық келісімді сақтау, жалған ақпараттарды таратудағы қолданыстағы заңдар және қазіргі таңдағы әскери міндет саласындағы заңнамаларды орындау қажеттілігі жөнінде кеңінен ақпараттық-насихаттық түсіндірме жұмыстары жүргізілді.