Бүгін Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт сарайында алғаш рет қазақтың ұлттық күресінен «Turan Barysy» Азия Кубогы өтті.
Жарысқа Түркі мемлекеттері ұйымының мүшелері – Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Мажарстан және Қазақстан балуандары қатысты.
Дүбірлі сынның ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды спортшылар мен жанкүйерлерді құттықтады. Сондай-ақ ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Түркістан төріндегі жарыстың маңызына тоқталып, ұлттық спортты дамытуға министрлік тарапынан қолдау әрдайым жалғаса беретінін жеткізді.
Байрақты бәсекеге түркі елдерінің ең мықты спортшылары қатысты. Олардың арасында қазақ күресімен қоса дзюдодан, самбо мен кураштан халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген спортшылар болды.
Ұлттық спортты ұлықтаған жарыстың қорытындысында Қазақстан құрамасының балуандары «Тұран Барысы» Азия Кубогының тұңғыш жеңімпазы атанды. Отандастарымыз финалдық белдесуде Өзбекстан балуандарын 4:3 есебімен жеңді. Ал қола жүлде Қырғызстан құрамасының еншісінде. Олар үшінші орын үшін өткен тартысты белдесуде Әзірбайжан балуандарынан басым түсті. Алғаш рет ұйымдастырылған күрес сайысында бірінші орын алған команда 10 000 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлық алса, екінші орынға — 6 000 000, үшінші орынға — 4 000 000 теңге қаржылай сыйлық табысталды.
Айта кетсек, Қазақстан құрамасының қатарында Мылтықбай Абдуаитов, Ержан Еренғайыпов, Нұрғали Тұрсынғазиев, Жұмажан Қожамбеков, Леонид Станеев, Айдарбек Тоқтарбек, Қырықбай Ғалымжан ел намысын қорғады.
Айтулы іс-шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің, сондай-ақ, «Qazaq kuresi» ассоциациясы, «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының ұйымдастыруымен өтеді. Турнирдің бас серіктестері – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ және «Туризм мен спортты қолдау және дамыту қоры».
Еске сала кетсек, турнир «Qazsport» және «TRT Avaz» телеарналарынан тікелей эфирде көрсетілді.