Бүгін Жетісай ауданының әкімі Мұрат Қадырбек Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы, аса жоғары Халықаралық дәрежедегі төреші, күрестің үш түрінен спорт шебері, Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Бақыт Жаңбырбаевты қабылдап, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 14 қазандағы Жарлығымен тағайындалған «Ерен еңбегі үшін» медалін салтанатты түрде табыс етті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен аудан әкімдігі аппаратының басшысы Есен Алданиязов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев қатысты.
«Өзіңіздей спорт жанашыры, ауыл балаларын әлемдік ареналарда атой салдырып, еліміздің мәртебесін жоғары етіп жүрген жоғары дәрежелі бапкердің біздің жерлесіміз екенін мақтан етеміз.
Сіздің жүріп келе жатқан өмір жолыңыз, бағындырған белестеріңіз, жеткен жетістіктеріңіз өскелең ұрпақ үшін мәңгілік өнеге болып қала береді.
Жылдар бойы еткен еңбегіңіз бен төккен теріңізді мемлекет басшысы да жоғары бағалап, «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградтап отыр. Марапатыңыз құтты болсын!» деген аудан басшысы Бақыт Жаңбырбаевпен аудан спортының бүгіні мен болашағы жайында әңгімелесіп, пікір алмасты. Ұсыныстарын тыңдады.
Айта кетейік, 1950 жылы 28 сәуірде Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтаарал ауданында дүниеге келген Бақыт Жаңбырбаев 16 жасынан күреспен айналысқан. 1969 жылы КСРО құрамасының сапында Канада мемлекетінің Гамилтон қаласында сынға түсіп, чемпион атанған.
Қажырлы еңбегі мен тынымсыз ізденісінің нәтижесінде қазақ күресін дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін Халықаралық «Алтын қыран» орденімен, Монғолия Республикасының «Спорт айбыны» орденімен, «Халық құрметі» медалімен марапатталып, аса жоғары халықаралық дәрежедегі төреші, ҚР Құрметті спорт қайраткері, «FILA W.T.W.C. «A» REFEREE» Алтын карточкасының иегері, «Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының алқа мүшесі, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері. Мақтаарал және Жетісай аудандарының Құрметті азаматы.