Түркістан қаласындағы демографиялық жағдайға тоқталсақ. Облыс орталығында халықтың саны 220 мыңға жуық. Ағымдағы жылдың 9 айында 20 отбасында егіздер дүниеге келді және екі отбасында үшем дүние есігін ашты. Неке – отбасын құрудың негізі болып табылады. Ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын отбасын құру мақсатымен, заңда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықтық одақты – неке деп түсінуіміз қажет. Үйлену оңай үй болу қиын, отбасын құрып, оны сақтап қалу екі жастың жауапкершілігі дейді имамдар.
Ал енді отбасылық құндылықтар деген ұғымға тоқталсақ. Ол бір-бірін сүйіп қосылған жанұялардың отбасын сақтау үшін қолданатын ежелден келе жатқан салт-дәстүр. Әрбір отбасының өз құндылықтары болады. Ол құндылықтар ежелден бері келе жатқан немесе жаңадан шығарылған құндылықтар болуы мүмкін Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі – әлемде теңдесі жоқ тәрбие. Жалпы «ұлттық» деген сөздің астарында елге-жерге, тілімізге, дінімізге деген құрмет жатыр. Ал осы ұлттық тәрбиені бала бойына сіңіруде отбасы, қоғамның орны ерекше. Яғни тәрбие алуды сәби ана құрсағынан бастаса, оны білім теңізінің мектеп атты кемесінде ұлттық құндылықтарымызбен жетілдіру өте маңызды. Балабақша, мектептерге ұлттық тәрбие енгізу арқылы біз ұлтжанды, парасатты ұрпақ өсіретініміз айдан анық. Рухы асқақ, іргесі берік ел боламыз десек, ең бастысы, ұрпақ тәрбиесі мен біліміне сергек қарауымыз қажет.
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттары айқындалған еді. Демек көне дәуірлерден бастау алатын, өзінің тарихи тәжірибесінен, игі салт, ізгі дәстүрлерінен мүлдем қол үзген қоғамда жаңғыру немесе жаңару мүмкін емес. Халқымыздың осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтарының бірі отбасы құндылықтары. Тіпті біздің рухани құндылықтарымыздың негізі де осы отбасылық дәстүрімізде жатыр десек қателеспеген болар едік.
Халқымызда «Отан отбасынан басталады» деген қарапайым қағидат қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес. Елбасы «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деп бұл мәселенің біздің қоғам үшін маңызын көрсетіп берді.
Тәуелсіздік жылдарында отбасы құндылықтарын нығайту бағытында қыруар шаруа атқарылды. Президенттің бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясатының нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасты. Басқасын айтпағанда көп балалы отбасыларды әлеуметтік қорғау бағытындағы мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің әр жыл сайын артып, көптараптанып келе жатқанын аңғару қиын емес.
Бұл мақсатта республикалық бюджеттен қомакты қаржы қарастырылған және ол жыл сайын артып келе жатыр. Әр жылы өтетін «Мерейлі отбасы» байқауында еліміздегі ең үлгілі отбасылардың өмірі насихатталып, түрлі айтулы марапатқа ие болуы да елімізде дәстүрге айналған. Әрине отбасылық саясаттан бөлек отбасылық құндылықтар деген бар. Ол халқымыздың тарихымен бірге қайнап, пісіп шыққан отбасылық дәстүрлер, отбасы мәдениеті мен этикасы. Отбасының қалыптасуына, қоғамның қалыптасуы тікелей байланысты. «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», деген даналық сөз ұлттық тәрбиенің отбасылық өмірде атқарар рөлін айқындап тұрғандай.