Қазақ сахнасында тұңғыш рет «Триптих»: «Гамлет», «Қаракөз», «Фауст» спектаклінің премьерасы өтті. Мұхтар Әуезов, Уильям Шекспир және Иоганн Гёте сынды үш алыптың шығармасы Түркістан музыкалық театрының сахнасында тоғысты. «Триптих» үш жазушының әйгілі үш туындысының сахналық нұсқасы. Бұл туындылардың жарық көргеніне ғасырлар өтсе де әлі күнге дейін өзектілігін жоймаған.
Туындының сахналық нұсқасының авторы әрі режиссері – Әлібек Өмірбекұлы, заманауи театр тіліне аударған – Мирас Әбіл, композитор – Хамит Шанғалиев. Аталмыш спектакльде махаббат атты ұғымның мән-мағынасына басқаша үңіліп, классикалық шығармаларға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік сыйлайды.
– Бұл жаңа бағытта дайындалып жатқан қойылым. Әлемдік алыптардың қатарында Мұхтар Әуезовтің «Қаракөз» пьесасы да болуға лайықты. Сондықтан да әлем мойындаған Шекспир мен Гете туындыларымен біріктірдік. Үш еңбектің ортақ дүниесі – махаббат. Әрине, дайындық процесі де оңайға соқпады. Сондықтан әрі қарай келген көрермен бағасын беретіні анық, – деді режиссер.
Үш бөлімнен тұратын спектакльді көрермен зор таңданыспен тамашалады. Әлемнің үш түрлі халқында орын алған махаббат оқиғасының көрерменге айтары бір. Елімізге танымал Нұркен Өтеуіл, Қуандық Қыстақбаев, Айнұр Бермұхамбетова, Айдана Абенова, Руслан Нұрман, Жәудір Сарыпбекова сынды театр әртістері қойылымды халыққа жеткізе білді.
Үш бөлімнен тұратын спектакльді көрермен зор таңданыспен тамашалады. Әлемнің үш түрлі халқында орын алған махаббат оқиғасының көрерменге айтары бір. Елімізге танымал Нұркен Өтеуіл, Қуандық Қыстақбаев, Айнұр Бермұхамбетова, Айдана Абенова, Руслан Нұрман, Жәудір Сарыпбекова сынды театр әртістері қойылымды халыққа жеткізе білді.
Әлемдік драматургияның дүлдүлі У.Шекспирдің «Гамлет» трагедиясының өміршеңдігі – өз алдына бір төбе. Оның сахнаға жол тартқан спектакль үлгісінің күрделілігі мен эстетикалық бай мұрасы көптеген театр сыншыларының қызығушылығын тудырған. Аталмыш классикалық туынды еліміздің көп театрында сахналанған. Ат тұяғының дүбірінен басталған қойылым құлаққа ә дегеннен жағымды естілгені рас. Жылқыға жақын өскен халықпыз ғой. Бұл дүбір – басталғалы тұрған оқиғаның кіріспесі. Жоғарыда қызара дөңгеленген күн бейнесі көрінеді. Темірден жасалған айналмалы сахналық декорация. Ол бірде патшалық әулеттің шаңырағына айналады, бірде шығар шеті жоқ, шырғалаңға толы торға айналады.
Күн астынан, биік мінберден король Клавдий көрінді. Түрі сұсты. Бойында салқынқандылық сезілді. Бірақ бұл салқынқандылық жайбарақаттылық емес. Жасаған қылмысын бір сәтке ойға алып, селт етпеуі көкірек көзін таққұмарлықтың шелі біржола жапқандығынан еді. Қызғаныш, қатыгездік, менмендік – оның екінші аты. Бұл қасиетін барынша жасырып баққанмен, корольдің шын бет-бейнесі Лаэртпен Гамлетті өлтіру туралы ойынан кейін айқындалады. Басты қаһармандарды кемеліне келтіріп орындай білетін актер Клавдийдің бойында жасырынған қатыгездік ұшқынын көрерменге жеткізе алды.