Қырғыз театры Түркістанда! Тоқтоболот Абдумомунов атындағы «Қырғыз» ұлттық академиялық драма театры Түркістан қаласына гастрольмен келіп, «Еңлік-Кебекті» сахналады. Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған классикалық туындының қоюшы-режиссері – Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Назым Мендебаиров. Оның айтуынша, бұл қойылымның жүгі ауыр. Әрі театр ұжымы үшін үлкен сын. Қараңғы сахна төріндегі қойылымның желісі – махаббат жайлы. Еңлік пен Кебектің махаббат жолындағы күресі мен кейіпкерлердің образдарын әдемі сомдаған қырғыз актерлері, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Замананың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай, сонымен қатар Қырғызстанның Халық әртісі Нүркен Тұрсынбаевтың 80 жылдығы аясында өткен кешке ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев арнайы қатысты.
– Қазақ пен қырғыз бір туған ел. Бізге ұлы өнер мен мәдениет те, әдебиет те ортақ. Бүгінгі қойылымның авторы, қазақ халқының жазушысы Мұхтар Әуезовті қырғыз жұрты да ерекше құрметтейді. Біріншіден, «Манас» жырының сақталуына үлкен септігі тиді. Екіншіден, Шыңғыс Айтматовты әлемге танытқан тұлға, – деген Бас хатшы қос театрға арнайы сый тапсырды.
Ал Түркістан облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Әділ Нұржанұлы Түркістан төрінде өнер көрсеткен қырғыз ағайындарға алғыс білдіріп, түбі бір түркі елдері арасындағы осындай қадамдар өзара ынтымақтастық пен мәдени-рухани байланысты нығайтуға, өнерпаздардың тәжірибе алмасуына ықпал етеді деді.
Оқиға былай өрбіді: еліктей еркелеген Еңлік пен Жапал тау-тастың арасында ән айтып жүреді. Кенеттен аң қуып бара жатқан жігіттің даусын естіп, Еңлік оның олжасын атып түсіреді. Кебек пен Еңлік осылай кезігіп, бір-біріне ғашық болады. Сол кезде Еңлікке деген көңілін Матай руының батыры Есен де білдіріп жүреді. Бірақ оның махаббаты жауапсыз қала береді. Күндердің күнінде Еңлік Кебекпен қашып кетеді. Сөйтіп, араздыққа сылтау табылып, бірнеше ай өткеннен кейін Есен Еңлікті даулап Тобықты руына барады. Өзінің көздегеніне жетпей қоймайтын қара ниетті Есен батыр сұраған кешірімге қарамастан, соңына руластарын ертіп Еңлік пен Кебек тығылған үңгірді табады. «Бұл қылығымыз бүкіл ұрпағымызға жуылмас дақ болып қалады ғой» деген Нысан абыздың сөзіне де құлақ қоймайды. Адамдардың тағдырын адамгершілік емес, ашудың таразысына салып өлшеген халық екі ру арасындағы дауды қос ғашықтың қанымен жуады. Жансыз екі дененнің қасында шырылдаған сәбиді құшақтап Жапал қала береді…
Қоюшы-режиссері – Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі Н.Мендебаиров. Қойылымда XVII ғасырда өмір сүрген қос ғашықтың мөлдір махаббаты, Кебек пен Еңліктің арасындағы сезім, руаралық қақтығыстар, Нышан атты абыз әулиенің хикаяның соңын болжаған көрегендігі, кикілжіңнен пайда іздеген екі ру билерінің жауыздығы, сондай-ақ Еңлікті күтіп отырған Жапал атты жетім қойшының арманы бейнеленген.