Ақпарат-насихат тобының мүшелері «Dalsаn» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен жүздесіп, Жолдаудағы өзекті тақырыптарды талқылады.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жасаған Жолдауында экономикалық және әлеуметтік тақырыптарға баса назар аударды. Оның ішінде өздеріңіз секілді жұмыскерлерге арналған басым бағыттар жетерлік. Соның бірі – ең төменгі жалақы мөлшері 2023 жылдан бастап 70 мың теңге болады. Бала күтіміне байланысты декреттік демалыстағы аналарға төленетін жәрдемақы мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға ұзартылып отыр. Ал әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалдыру туралы тапсырма берілді. Бұған қоса сәбилерді балабақшамен 100 пайыз қамту туралы да мақсат тұр. Сонымен қоса, жүз мыңдаған жасты жұмыспен қамтып, оларға төмен пайызбен несие беру жобасы да алдағы уақытта жүзеге асырылады деп күтілуде. Қарап отырсаңыздар, мұның барлығы еңбек адамына жасалып отырған қолдауды білдіреді, – деді Баршагүл Исабек.
Мемлекет басшысы бұл Жолдауда бүгінгі заман талаптарына сай экономикалық даму, өнеркәсіптерді дамыту, шағын әрі орта бизнесті арттыру сынды бірқатар бастамаларды көтерген болатын. Сондай-ақ бүгінгі таңда көлік-логистика кешені — бұл біздің транзиттік логистикалық потенциалымыз. Себебі біздің еліміз әрқашан логистикалық жағынан тиімді болып келді. Сол себепті қазіргі кезде де әлемдік аренада көлік-логистика кешенін артқа қалдырмауымыз қажет.
«Dalsan» компаниясы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы жұмысын 2020 жылдың қыркүйегінде бастаған. Толықтай түрік кәсіпкерлерінің инвестициясымен басталған кәсіпорында «Eli” сауда белгісімен сулықтар (ылғал майлықтар) шығарылады. Жауапты мамандар осынау экологиялық таза өнімдер толықтай Қазақстанның ішкі нарығына өткізілуде дейді.