Үшінші мегаполис тағы бір гүлзармен толықты. Еңбекші ауданында ашылған гүлзар 4 тұрғын үй ауласын біріктіреді. Және онда амфитеатр, құрғақ субұрқақ пен спорт алаңы да қарастырылған. Сондай-ақ мұнда көлік жүргізушілері үшін автотұрақ пен велосипед қоюға арналған алаңшалар да назардан тыс қалмаған. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Мұрат Әйтенов, зиялы қауым өкілдері мен шаһар жұртшылығы қатысты. Мұрат Дүйсенбекұлы саябақты аралап танысып, тұрғындармен тілдесті.
Шымкентте бұрын соңды болмаған су жаңа гүлзар Еңбекші ауданында ашылды. 4 тұрғын үй ауласын біріктіретін демалыс орнының аумағы 1,6 гектарды құрайды. Мұнда амфитеатр, құрғақ субұрқақ пен спорт алаңы, шахмат және үстел теннисін ойнауға арналған орын бар. Демалыс аймағын алғашқылардың бірі болып аралаған шаһар басшысы, бірегей жоба алдағы уақытта жалғасатынын айтады. Сөзінше, жыл сайын Шымкентте кемінде дәл осындай 7-8 гүлзар салынады. Ол үшін арнайы жер телімдері де қарастырылып жатыр.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен қаламызда тұрғындарға жайлы орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Міне, соның бірі – жаңа гүлзар ел игілігіне беріліп отыр. Мұның барлығы – сіздер, тұрғындар мен балалар үшін. Ендігі мақсат – осы ортақ мүлікті күтіп ұстап, қамқорлық таныту керек, – деді Мұрат Әйтенов.
Құрылысы өткен жылы басталған демалыс орнында велосипед тізгіндеушілер үшінде жағдай жасалыпты. Сондай-ақ 27 орындық көлік тұрағы тағы бар. Сала жауаптыларының сөзінше, демалыс аймағы биодәретханамен де қамтылған. Заманауи гүлзардың ашылу салтанатына қатысқан тұрғындардың қуанышында шек жоқ.
Демалыс аймағында көгалдандыру шарасы да жүргізілген. Ал бұл күні қала әкімі мен шенеуніктер гүлзарға шырша егіп, мұндағы жасыл желек санын арттырды. Енді тұрғындар, жаңадан бекітілген мереке- ҚР республика күнін жаңа гүлзарда атап өтуді жоспарлап отыр.
Тұрғындар қалада абаттандыруға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға алғыс айтып, ақ жаулықты аналар бата берді. Қала әкімі бастаған қонақтар гүлзар аумағына тал көшеттерін екті.
Жаңа гүлзар ерекше үлгіде салынған. Жауапты мамандар, бұл демалыс орны, әсіресе кешкі уақытта әсемдене түседі дейді. Бас мердігер – «Импульс» ЖШС құрылысты 9 айда аяқтауға жақын.