Абай ауданының жастары Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауындағы бастамалар туралы ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.
Алдымен Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов Президенттің жастарға қолайлы орта қалыптастыру үшін барлық жағдай қарастырғанын айтып, жас буынды патриот болуға шақырды.
–Білім іздеп, тұлғалық даму жолына түскен жастарды бүгіннің патриоты деп айтар едім. Қазір жастардың сапалы білім алуына, жұмыспен қамтылып, кәсіпкерлікпен айналысуына жағдай жасау үшін көптеген мемлекеттік бағдарламар жүзеге асып жатыр. Мәселен, «Жастар практикасы» бағдарламасын алып қарасақ, енді оқу орнын тәмамдаған жас түлек тәжірибе жинау үшін алғашқы жұмыс орнына жолданады. Өз кәсібіңізді ашып, ерекше жобаларды жүзеге асыруды көздесеңіз, мемлекеттік гранттың мүмкіндігін пайдаланыңыз. Жұмыс істейтін жастарды да пәтермен қамту жолға қойылып отыр. Жуырда Мемлекет басшысы өз Жолдауында 100 мың жасты жұмыспен қамту, кәсіпкерлігін дамытқысы келген жастар үшін 2,5 пайыздық несие берілетінін айтты. Ел Президенті жастар үшін барынша күш салып жатыр. Сондықтан сіздерден даму жолына түсіп, елдің өркендеп, гүлденуіне үлес қосуға шақырамын, — деді Мағжан Исахов.
Шымкент жастарының ұсынысы әрдайым әкімдіктен қолдау тауып келеді. Өткен жылы қаланың бір топ белсенді жастары қала әкімі Мұрат Әйтеновпен кездесуінде әр ауданнан орталық ашу ұсынысын жеткізген болатын. Көп ұзамай шаһар басшысының тапсырмасына сәйкес, қаладағы төрт ауданда Жастар ресурстық орталығының филиалдары өз жұмысын бастады. Бүгінде аудандық орталықтарда жастарға мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктері түсіндіріліп, бос уақытты тиімді пайдалануға бағыт беріп отыр.
–Жастардың белсенділігі тек волонтер болуымен шектелмеу керек. Елімізді дамытуға, қаламызды көркейтуге, өз замандастарыңыздың патриоттық сезімін нығайтуға бағытталған жобаларыңыз болса ортаға салыңыздар. Біз үшін сіздердің ұсыныстарыңыз әрқашан маңызды, — деді орталық басшысы.
Шара барысында Президентіміздің жолдауында айтылған ел игілігі жолындағы жауапты жұмысты бірге атқару жастарға кеңінен насихатталды. Сондай-ақ, жастар өз ой-пікірлерімен бөлісіп, сұрақтарына жауап алды. Жастар «Жаңа Қазақстанның» келешек келбетін қалыптастыруда. «Жаңа Қазақстан» дегеніміз – барлық адамға тең мүмкіндік беру, экономика мен саясаттағы жасанды монополияларды жою, елдің саяси өміріне белсене араласатын мықты азаматтық қоғамы бар тиімді әрі өркениетті мемлекет құруға әрбір жасты өз үлесін қосуға шақыру. Айта кетейік, Президент жолдауын іске асыру кезеңдерін талқылау мақсатында Шымкент қалалық «Азаматтық ресурс орталығына» шаһардағы үкіметтік емес ұйымдар мен сарапшылар және белсенді жастар жиналды. Негізгі тақырып – Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы болды. Оның ішінде дәл осы азаматтық қоғамның рөлі мен халықтың белсенділігін арттыруды сөз етті.
Жиынға қатысушы жастар спорт үйірмелерін көбейтуді, ұлттық дәстүрімізді дәріптеуге арналған спорттық ойындарды ұйымдастыруды ұсынды. Орталық басшысы осы ұсыныстарды алдағы күндері бірлесе пысықтап, жүзеге асыратынын жеткізді.