Шымкентте «Shymqala» этноауылында екі күнге жалғасқан «Текемет-fest» этнофестивалі өз мәресіне жетті. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен өткен қолөнер шеберлерінің фестиваліне Шымкент қаласымен қатар, іргелес Түркістан облысының Сауран, Арыс ауданы және Өзбекстан, Қырғызстан елінен қолөнер шеберлері қатысты.
– Ұлттық қолөнер бұйымдарының ішіндегі ең көнесі – текемет. Негізгі мақсат – ұмыт болып жатқан дүниені қайта жаңғыртып, келер ұрпаққа аманаттау. Шарада шеберлер текеметтің шығу тарихын, түрлерін айтып, жасалу жолдарын келушілермен бірге жасайтын болады деді,- қалалық мәдениет және тілдерді дамыту, архивтер басқармасының бөлім басшысы Динара Серікқызы.
Фестивальде қойдың жүнін қырқудан бастап, дайын болғанға дейінгі үрдістің қалай жүргізетінін яғни, жүн сабау, түту, бояу, тарау, шабақтау, шүйкелеу, түр салу, текеметті басуды көрсетті.
– Текеметті төсеген кезде жылы болады, аяқтан сыз өтпейді. Бұрынғы кезде ата-бабаларымыз көшіп-қонғанда киіз үй тіккен, текеметті төсеген. Жүннен жасалған бұйымдар жиі қолданыста болған. Дәстүрді жаңғыртып, жастарға текемет басудың қыр-сырын үйретіп отыруымыз қажет, – дейді Өзбекстанның келген шебер Есенгүл Мырзаева.
Он саусағынан өнері тамған шеберлер басқан ою-өрнекті текеметтер көздің жауын алады.
– Біз Қырғыз елінің текеметін алып келдік. Төсенішті жасауда бауырлас елдерде қатты айырмашылық жоқ. Осында келушілерге қырғыз елінің текеметінің қалай жасалатынын көрсетеміз, – дейді қырғызстандық қолөнер шебері Сұлтанәли Апжаппар.
Ынтымақ пен бірлікке жетелейтін, татулық пен достыққа бастаған бұл шара әлі де жалғасын тауып, әлемдік сұранысқа сай өтеді, — дейді мамандар. Дәстүрді дәріптеген ұл-қыздардың бұл бастамасы көпшіліктің де қызығушылығын тудырды.
Текемет басу өнері тек қыз-келіншектердің ғана жұмысы емес, көпшілікпен бітер іс. Басылған текемет ер-жігіттердің қара күштеріңнің арақасында ширай түседі. Саусақтың ұшымен ою салынған, білектің күшімен басылған текеметті жиналған қауымтепкіге алды. Нәтижесін қарасаң көз тоймайтын, тамаша туынды шықты.
Бүгінгі қызылды-жасылды, оюлы текеметтердің ажарын келтіретін он саусағынан өнері тамған шеберлердің туындысы тұрғындарды да таңқалдырды.
Көздің жауын алар текеметтің түр-түрін тамашалаған тұрғындар әрбір іс-әрекетке өз үлестерін қосты. Көне ою, таңбалар бейнеленген текеметтің бетіндегі өрнектердің ішкі мән-мағынасын терең түйсінді. Одан әрі ыстық сумен пісіру, білектеу, шиге орап тебу процесіне қызыға қатысты. Киіз басудағы көне наным-сенім, ырымдар жақсы тілекпен өрілген дайын өнімнің нәтижесіне жастар үлкендерден бата алды. Қыркүйек айының осы бір күні ерекше сипатта өнер мерекесіне айналды.