Түркістан қаласында 45 саябақ, 34 гүлзар және 9 жасыл алаң бар. Оларды күтіп-баптау жұмыстары қалалық әкімдік тарапынан қатаң бақылауға алынған. Мәселен, биыл жалпы аумағы 380 гектарды құрайтын қаладағы талдар дәріленіп, тыңайтылған.
Бұдан өзге, саябақтар мен гүлзарларда кіші сәулет мүсіндері, орындық, жарықшамдар, аяқжолдар мен балалар ойын алаңдары сырланып, қайта қалыпқа келтірілді. Жыл басынан бері 12,2 гектар аумақта 15 036 дана көшет егілген.
Сонымен қатар, 9 000 шаршы метр аумақ көгалдандырылды. Шекті Тілеу Жолдаяқ, Байбұрт, С.Қожанов, Ж.Майкөтов көшелері мен мен Есімхан алаңына 11 900 дана қылқан және түрлі жапырақты талдар отырғызылды. Ж. Майкөтов көшесіндегі «Желілік саябақта» көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Түркі әлемінің рухани астанасы әрі облыс орталығы мәртебесін алған Түркістанды көгалдандыру, жасыл желекке айналдыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Үш жарым жылдан астам уақыттың ішінде қала аумағында көптеген көшеттер отырғызылды. Шаһардағы жасыл желекті тұрақты суару үшін қосымша ағын сумен қамтамасыз ету жобалары жүзеге асып жатыр. Келешекте Түркістанның айналасы ну орманға айналады.
Киелі шаһарды жел эррозиясынан сақтап, экологиялық ахуалды тұрақтандыру және қолайлы климат қалыптастыру үшін қала айналасынан «жасыл» аймақ құрылған. Жасыл желекті күтіп-баптау жұмыстарына айрықша назар аударылған. «Қаланың өкпесіне» айналатын 30 мың гектар аймаққа сан түрлі ағаш отырғызылуда. Әр ағаштың түбіне тамшылатып суару жүйесі жеткізілуде. Қала аумағында ұңғымалар қазылып, су арналары жүргізіліп жатыр. Бірнеше су қоймасы салынуда.
Бүгінде Түркістан қаласында 400 гектар жерге жайғасқан 11 саябақ, 5 жасыл аймақ, 25 аллея мен гүлзар және 100-ге жуық көше бар. Әр саябақ креативті әрі ерекше үлгіде салынды. Демалыс аумақтары жарықтандырылып, көпжылдық және гүлді ағаштар егілген. Сонымен бірге қоршаған ортаны жақсарту мақсатында Түркістан облысының елді мекендерінде тұрақты негізде жасыл желек отырғызу бойынша акция өткізіліп тұрады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында республика аумағында экологиялық жағдайды жақсарту үшін 2 млрд түрлі ағаш көшетін отырғызу белгіленген болатын. Осыған сәйкес облыс әкімдігі Экология министрлігімен бірлесіп, кешенді жоспар қабылдаған блатын. Онда 5 жыл ішінде 110 210 га аумақты көгалдандыруға 170 млн көшет отырғызу бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Сапалы және толық орындау үшін қосымша штат пен техника сатып алынған.. Сонымен бірге Түркістан мен оның айналасындағы жасыл желекті ағын сумен қамтамасы ету үшін ауқымды жобалар жүзеге асуда.