Жастар ресурстық орталығының басшысы Мағжан Исахов Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің белсенді жастарымен кездесті.
«Global coffee» ғимаратында өткен кездесуде жастармен бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелер талқыланды. Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың биылғы Жолдауында жастар саясатын іске асыру мәселелері төңірегінде пікір алмасты. Кездесу барысында жастар көкейіндегі көптеген ұсыныстар мен пікірлерін жеткізді. Атап айтқанда:
— Шымкент қаласының белсенді жастарымен саяхат жасау;
— Қалада орналасқан жоғары оқу орындарының белсенді студенттерімен бірлесе отырып іс-шаралар ұйымдастыру;
— Белсенді студенттермен спорттық жарыстар өткізу;
— Жастар арасында ұлттық спортты дамыту (атқа міну) сынды ұсыныстар айтылды.
Орталық басшысы Мағжан Исахов өз тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар жастар қоғамның идеалына айналатынын айта отырып, жастарды өз елінің патриоты, идеал тұлғасы болуға шақырды.
Елiмiздiң болашағы жастардың еңбекқорлығына, талап-тiлегiне, арман-мұратына байланысты. Олар ата-бабаларымыздан мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды, тарихи дәстүрлерiмiздi жаңғыртып, оны алға бастырып қана қоймай, экономикасын, ғылымын да дамытуға, жiгерлене ел үшiн еңбектенуге мiндеттi.Президент жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды. Ол жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша іргелі тапсырмалар беріп жүргені белгілі, өйткені жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады.
—Қазіргі таңда қоғамның қозғаушы күші саналатын жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Жастар арасындағы негізгі мәселе болып табылатын жұмыспен қамту, отбасы құндылығы секілді бағыттарда жұмыстар іске асырылуда. Сондықтан, жас буын мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың барын сезінуі керек, – деп қорытындылады ол өз сөзін.